Қала әкімі Павлодарда қар тазалау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын тексерді

Қала әкімі Павлодарда қар тазалау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын тексерді

Бүгін Асайын Байханов жұмыс сапары барысында коммуналдық қызметтермен, кәсіпкерлік объектілері және қызмет көрсету ұйымдарымен қарды жинау және шығару бойынша жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын тексерді.

Соңғы екі күн бойы толассыз жауған қарға байланысты коммуналдық қызметкерлер тәулік бойы жұмыс жасауда. Қыс маусымы басталғаннан бері полигонға 8 мың тоннадан астам қар шығарылды. Қазір қалада 75 бірлік арнайы техника жұмыс істеуде, жолдардың жиектерін, аялдама павильондарын және жаяу жүргіншілер өткелдерін тазалауға 200-ден астам адам тартылған.

Ортақ мүлікті күтіп-ұстау ережелеріне сәйкес аулаішілік аумақтарды тазалау, егер бұл тұрғындармен жасалған шартта белгіленсе, ПИК немесе МИБ жүргізуі тиіс. Егер осы жұмыс түрлері тарифте көзделмеген жағдайда, онда олар тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

Шағын және орта бизнес объектілері де абаттандыру ережелерін сақтауға міндетті: кәсіпкерлік қызмет объектісіне тиісті 5 метрлік аумақты кәсіпкердің өзі қардан тазартуы тиіс. Қарды жинағаны және оны уақтылы шығармағаны үшін тәртіп бұзушыға айыппұл салынады.