Павлодарда қысқы кезеңде жұмыс істейтін арнайы техниканың дайындығы тексерілді

Павлодарда қысқы кезеңде жұмыс істейтін арнайы техниканың дайындығы тексерілді

Қала әкімі Асайын Байханов және облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук қысқы кезеңде қала көшелерін күтіп-ұстау және қардан тазартумен айналысатын мердігерлік ұйымдардың маусымға дайындық барысымен танысып, қолда бар мамандандырылған арнайы техниканы тексерді.   

Облыс орталығының көшелері мен автожолдарды күтіп-ұстаумен 2 мердігерлік ұйым айналысады: «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС және «Холдинг Транс Павлодар» ЖШС. Павлодар қаласының көшелері мен жолдарын күтіп ұстау бойынша жұмыстар 130 көшеде, 14 айналма жолда, 6 жол, асфальтбетон жабыны бар 2 жол бөгетінде және қоғамдық автокөлік жүретін барлық жолдарда жүргізіледі.

Қалада қыс мезгілінде жұмыс істеуге дайын 169 бірлік арнайы техника (автогрейдерлер, құм шашқыштар, тиегіштер, бульдозерлер, түрлі модификациядағы автосамосвалдар, сыпыру техникалары және т.б.) бар. Сондай-ақ, арнайы техника өте алмаған жерлерді қолмен тазалайтын 230-дан астам жұмысшы жұмыс істейді. Қар шамадан тыс көп түскен жағдайда қосымша 60 бірлікке дейін техниканы жұмылдыру мүмкіндігі бар.

Бүгінгі күні кәсіпорындарда жанар-жағармайдың қажетті қоры жеткілікті, механиктер бригадасы жұмыс істейді, арнайы автокөліктердің үздіксіз жұмысы және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылдау үшін диспетчерлік қызметтер құрылды. Жыл сайын қолданыстағы техника паркі жаңартылып отырады. Биыл кәсіпорындар жаяу жүргіншілер жолдарын тазартуға  арналған 6 арнайы маневрлік трактор сатып алды.