Павлодар қаласының әкімі кәсіпкерлермен кездесті

Павлодар қаласының әкімі кәсіпкерлермен кездесті

Бүгін «BUSINESS ERTIS» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Павлодар қаласының әкімімен бизнес сағаты»  өтті.

Асайын Байханов және кәсіпкерлер кең ауқымды бірқатар мәселелерді талқылады. Мәселен, кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстардың бірі қала жолдарында және саябақтарда ЖЭК жарық шамдарын орнату болды. Облыс орталығының басшысы тестілеу режимінде жағалаудың төменгі жарықсыз бөлігіне атиалмыш автономды шамдарды орналастыруды ұсынды. Оң нәтижесі болған жағдайда бұл жобаны болашақта да қарастыратынын жеткізді.

Сондай-ақ, кәсіпкерлердің келесі ұсынысы балаларға арналған арнайы дидактикалық материалдарды шығару және мектепке дейінгі мекемелерді қамтамасыз ету болды. Асайын Байханов бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, құзырлы мемлекеттік органдарға көмек көрсетуді тапсырды.

Ұсыныстардан басқа, бизнесмендер қала әкіміне өзекті де, шешімін таппай жүрген мәселелерімен жүгінді. Кәсіпкерлер әлеуметтік бағамен өнім сату үшін арнайы павильондарға, сондай-ақ, жағалау аумағында әуе шарын орналастыру үшін жер телімдерін бөлуді сұрады.

Қала басшысы барлық мәселелер бойынша нақты түсініктеме беріп, мемлекеттік органдардың басшыларына кәсіпкерлердің мәселелерін ҚР заңнамасына сәйкес қарастыруды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, «Бизнес сағатына» қатысуға өтінімдер 87751435090 WhatsApp желісі бойынша қабылданады. Хабарламада мәселенің, не болмаса ұсыныстың қысқаша мазмұнын және  байланыс ақпараттарын көрсетулеріңізді сұраймыз.