Қала әкімі жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді

Қала әкімі жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді

Бүгін Асайын Байханов жылу беру маусымына дайындықтың қалай жүргізіліп жатқанын тексеріп қайтты. Қала басшысы «Достық» шағын ауданын сапалы жылумен қамтамасыз етуге арналған 6 – сорғы станциясының құрылыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта металл құрылымдарын құру және сыртқы электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

- Барлық жұмыстар жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Егер кестеден артта қалу қаупі бар болса, онда тәуекелдерді азайту үшін жұмысшылардың санын арттыру қажет, - деп тапсырды қала әкімі Асайын Байханов.

Келесі тексеру нысаны жаңадан салынып жатқан ЖМ-42 жылу магистралі болды. Желінің жалпы ұзындығы шамамен 4 км құрайды, бүгінгі күні Назарбаев даңғылы, Парковая көшесі, Ш. Құдайбердіұлы  көшесі бойынша 3,5 км құбыр салынды. Қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасының аумағында құбыр желісін монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Аталмыш мердігер ұйым тағы бір нысанға жауап береді: Кривенко-Абай көшелерінің қиылысында ЖМ-31 жылу магистралінің құрылысы жүргізілуде. Қала басшысына осы жобаның мақсаты құбырдың диаметрін ұлғайта отырып, өткізу қабілетін арттыру болып табылатыны баяндалды. Ағымдағы жылы 700 метр жылу желілерінің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 350 метр төселді.

Сондай-ақ, Павлодар қаласының әкімі Н. Назарбаев даңғылы бойындағы ЖМ-3 жылу магистралінің жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына көз жеткізді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қала басшысы жылу желілерінің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына күнделікті негізде бақылау жүргізуді тапсырды.

- Барлық мердігер ұйымдар өз жұмыстарын уақытылы және сапалы орындауға тиіс. ТҮКШ бөліміне барлық жөндеу жұмыстарына күшейтілген бақылау жүргізуді тапсырамын. Жылу беру маусымына дайын және уақытылы кіруіміз керек, - деп қорытындылады Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.