Павлодарда Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Бақыт Субекованың құрметіне мемориалды тақта ашылды

Павлодарда Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Бақыт Субекованың құрметіне мемориалды тақта ашылды

Бүгін Павлодарда Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Бақыт Субекованың құрметіне мемориалды тақта ашылды.

Бақыт Қуанышқызы Субекова 1927 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген. Бүкіл саналы ғұмырын педагогикалық қызметке арнаған ұлағатты ұстаз, құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғамдық өмірге белсенді араласты. Ол халық ағарту ісінің үздігі, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева, туыстары, бұрынғы әріптестері, сондай-ақ, қоғам өкілдері қатысты.

- Бақыт Қуанышқызы 50 жылдан астам уақытын игі іс – тәрбиеге арнады. Жыл сайын оның шәкірттері қайрымды істер жасауды жалғастыруда. Ұстаз туралы естеліктер біздің жүрегімізде және Павлодар педагогикасының тарихында мәңгі қалатын болады, -  деп атап өтті Светлана Гладышева.

Мемориалды тақта біздің жерлесіміз тұрған Ак. Бектұров көшесі, 27 мекен жайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің қасбетіне орнатылды.