Павлодарда Наурыз мейрамы қарсаңында әйгілі әнші, композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбаевқа ескерткіш ашылды.
Ескерткіш қоладан құйылды, биіктігі 4 метр. Естай ескерткішінің авторы Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі скульптор Азат Баярлин.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Павлодар облысының әкімі А. Сқақов, Павлодар қаласының әкімі Е. Иманслям, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты А. Нұхұлы, опера әншісі М. Мудряк, Естай Беркімбаевтың туыстары мен ұрпақтары қатысты.
Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жаңа ескерткіш Павлодар қаласының көрікті жерлерінің тізімінен ерекше орын алатынына сенімдіміз, өйткені Естай Беркімбаевтың өмір жолы ерекше, музыкаға, әнге, өнерге деген шексіз махаббат пен адалдықтың жарқын мысалы болып табылады.