Бүгін Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямның қорытынды есеп беру кездесуі өтті

Бүгін Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямның қорытынды есеп беру кездесуі өтті

Бұған дейін қала басшысы ауылдық аймақтар мен шағын аудандардың тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Биылғы жылы карантиндік шараларды сақтау мақсатында іс-шараның форматы өзгерді. Павлодарлықтар әкімнің 2020 жылы атқарылған жұмыстары туралы баяндамасын онлайн-режімде тыңдады. Тікелей эфирлер Instagram, Facebook әлеуметтік желілері, сондай-ақ, ZOOM интернет-платформасы арқылы жүргізілді. Сондай-ақ, кездесуді «Ертіс» және «Ирбис» телеарналары тікелей эфирде көрсетті.

2020 жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді. Өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына көп көңіл бөлінді. Мысалы, қызмет көрсететін ұйымдар 5 км-ден астам жылу желілеріне, 79 км электр желілеріне және 7 км су құбыры мен кәріз желілеріне күрделі жөндеулер жүргізді. 2021 жылы 3 су және 3 кәріз құбырын қайта жөндеуден өткізу жобасы жоспарлануда.

Облыс орталығында 40 шақырымнан астам жолға асфальт төселді. Лесозавод және Радиозавод шағын аудандарының көшелерінде асфальт төселді. 2020 жылы 106 аулада балалар алаңы мен көше тренажерлары орнатылды, Жетекші, Мойылды және Кенжекөл ауылдарында да осындай спорт алаңдары пайда болды. Биылғы жылы абаттандыру жұмыстары Павлодардың тағы 100 ауласында жалғасатын болады.

Өнеркәсіптің кейбір салаларында, атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіпте, машина жасауда, металл және металл емес өнімдер өндірісінде және ағаш бұйымдарын өндіруде өндіріс көлемінің өсуі қамтамасыз етілді.

Өткен жылы 385 павлодарлық өздерінің бизнес ойларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттарға ие болды. Қазақстан Халық банкі «Zhas-Halyk.Ertis» бағдарламасы бойынша 21 жобаға қолдау көрсетті. Қаланың әрбір тұрғыны өз ісін дамытуға 7 жылға кепілсіз 5%-бен 15 млн. теңгеге дейін қаражат алу мүмкіндігіне ие болды.

Павлодар әкімі өз баяндамасын аяқтағаннан кейін тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын әлеуметтік желілер, 109 колл-орталығы және ZOOM интернет-платформасы арқылы қоя алды. Барлығы 300-ге жуық сұрақ келіп түсті, есептік кездесу барысында қойылған сұрақтарға жауаптар мен түсініктемелер берілді.

Павлодар тұрғындарын «Достық» шағын ауданын одан әрі абаттандыру мәселесі қызықтырды. Ержан Иманслям мердігер ұйымдар қажетті жұмыстарды осы жылдың көктем-жаз айларында аяқтайтынын атап өтті. Облыс орталығының тұрғындары таңертеңгі және кешкілік уақыттарда шығатын қоғамдық көліктердің санын көбейтуді сұрады. Бұл мәселе бақылауға алынды.

Қала басшысынан қала еріктілері Луначарский көшесі, 5 мекенжайы бойынша орналасқан ғимаратқа еріктілер ұйымдары үшін орталық құру үшін коммуникациялар жүргізуге көмек сұрады. Ержан Иманслям мәселені шешу үшін оны егжей-тегжейлі зерделеу қажет екенін атап өтті, өйткені барлық ғимараттарға инженерлік желілерді қосу мүмкін емес. Сондай-ақ, Павлодар әкімі қала еріктілеріне коронавирустық инфекциямен күрес бойынша барлық іс-шараларға белсенді қатысқандары үшін алғысын білдірді.

Күннің екінші жартысында онлайн режімде азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды, өйткені барлық павлодарлықтар эфир уақыты барысында өздерін қызықтырған сұрақтарды қоя алмады.

Құрметті қала тұрғындары! Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз, сауалдарыңыз және қала әкімінің халықпен есеп беру кездесулеріне қатысқандарыңыз үшін алғысымызды айтамыз. Біз тек бірлесіп қана сүйікті қаламызды одан әрі көрікті етеміз!