Павлодарда жаңа ипподромның салтанатты ашылуы және «ERTIS-BAYAN CUP» республикалық турнирі өтті

Павлодарда жаңа ипподромның салтанатты ашылуы және «ERTIS-BAYAN CUP» республикалық турнирі өтті

20 маусым күні Павлодарда жылдың ең ауқымды әрі жарқын оқиғаларының бірі – жаңа ипподромның салтанатты ашылуы және классикалық әрі ұлттық ат спорты түрлерінен «ERTIS-BAYAN CUP» ашық республикалық турнирі өтті.

Жаңа ипподром ат спортының дамуына, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және қазақ мәдениетін насихаттауға арналған заманауи алаңға айналды. Іс-шараға облыс тұрғындары мен қонақтары, спортшылар, ат спорты жанкүйерлері және еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар жиналды.

Турнир аясында Павлодар жерінде Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің үздік шабандоздары мен тұлпарлары бақ сынады. Классикалық және ұлттық бәйге түрлері бойынша өткен жарыстар жоғары деңгейдегі дайындықты және тартысты бәсекені көрсетті.

Турнирдің жүлде қоры аясында негізгі бәйгелердің жеңімпаздарына алты автокөлік табысталды. Сонымен қатар абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылып, «Түйе палуан» атағының иегеріне автокөлік сыйға берілді.

Мереке қонақтары үшін бай мәдени-танымдық және ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Келушілер тазы иттерінің көрмесін тамашалап, бүркітшілердің өнерін көрді, қолөнершілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарымен танысты, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі кәсіби каскадерлер тобы «Nomad»-тың әсерлі шоуын тамашалады.

Отбасылық және балаларға арналған демалыс аймақтары, ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі мен алтыбақандар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Барлық қонақтарға 50 қазан палау тегін таратылды.

Мерекенің жарқын сәттерінің бірі бағалы сыйлықтар ойнатылған лотерея болды. Қатысушылар iPhone 17 Pro Max, Apple Watch, Apple AirPods Max, велосипедтер, шаңсорғыштар және микротолқынды пештер ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара танымал қазақстандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды. Сахнада Төреғали Төреәлі, «Абырой» және «Жошы» топтары өнер көрсетті.

Жаңа ипподромның ашылуы мен «ERTIS-BAYAN CUP» турнирінің өткізілуі өңір үшін маңызды оқиғаға айналып, спортты, ұлттық мәдениетті және белсенді демалысты сүйетін жандарды біріктірді. Бұл шара ат спорты мен ұлттық дәстүрлерді дамытуға деген қызығушылықтың жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті.