Павлодарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы талқыланған қалалық актив отырысы өтті

Павлодарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы талқыланған қалалық актив отырысы өтті

31 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын ұсынды. Соның алдында Павлодар облысының әкімі Асайын Қуандықұлы Байхановтың төрағалығымен реформаның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған облыстық актив жиыны өткен болатын. Қала әкімі Хасар Хабылбеков ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар өзгерістерді қоғам өкілдерімен бірге жан-жақты талқылау мақсатында бұл пікір алмасуды қалалық деңгейде жалғастыруды маңызды деп санады.

Негізгі заң жобасы азаматтардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының қатысуымен өткен кең ауқымды қоғамдық диалог негізінде қалыптастырылды. Жұмыс барысында 2000-нан астам бастама мен ұсыныс қаралды. Жаңа Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, заңның үстемдігін нығайтуға және елдің саяси жүйесін жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған. Алғаш рет конституциялық деңгейде «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты бекітілді.

Кездесуге қатысушылар жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның тарихи маңызын да, оның әрбір азамат үшін практикалық мәнін де ерекше атап өтті. Талқылау қорытындысы бойынша Павлодар қаласының активі жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдіріп, оны түсіндіру және одан әрі қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді.