ХҚО мамандары тұрғылықты жері бойынша тіркеу есебінен шығарудың баламалы тәсілін ұсынды.

ХҚО мамандары тұрғылықты жері бойынша тіркеу есебінен шығарудың баламалы тәсілін ұсынды.

Қазіргі таңда тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару – өзекті мемлекеттік қызметтің бірі, сондықтан ХҚО мамандары павлодарлықтарға оны тез әрі ыңғайлы рәсімдеудің нұсқаларын ұсынды.
Егер сіз үй иесі болсаңыз, тіркелген азаматты тұрақты немесе уақытша тіркеуден шығаруға мүмкіндігіңіз бар. Мұны екі жолмен істеуге болады.
Біріншісі – eGov.kz электронды порталы. Ол үшін порталға кіріп, іздеу жүйесі арқылы «Қазақстан Республикасының халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу есебінен шығару» қызметін табу қажет. Қызметке онлайн сұрау жасалып, мекенжай деректері енгізіледі. Тіркеуден шығарылатын адамды тіркелгендер тізімінен таңдау керек. Содан кейін, бір реттік смс-пароль немесе ЭЦҚ көмегімен сұрауға қол қою қажет. Нәтижесі порталдың жеке кабинетінде көрсетілетін болады. Ал егер тұрғын үйдің ортақ иелері болса, олар міндетті түрде жеке кабинеттегі әрекеттерді растауы қажет.

Екінші нұсқа – ол Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы. Ол үшін алдымен ХҚО-ға онлайн кезекке тапсырыс беріледі. Тіркеуден шығарылатын адамның ЖСН көрсетіп, қызметке өтініш жазу қажет. Көрсетілген азамат тіркеуден бес минут ішінде шығарылады. Қызметті ХҚО арқылы рәсімдеу барысында бастысы – тіркеуден шығарылатын адамның ЖСН нөмірін білу қажет.
ХҚО-ға бару уақытын алдын ала eGov.kz электронды порталы, @1414kenesbot телеграм боты, 1414 бірыңғай байланыс орталығы немесе EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы брондауға болады.
Айта кетейік, электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) онлайн түрде алып, мобильді азаматтар базасына телефон нөмірін қашықтан тіркеуге болады.