Саты ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы аяқталуға жақын

Саты ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы аяқталуға жақын

Май ауданының Саты ауылындағы медициналық пункт құрылысы аяқталу сатысында

Май ауданының Саты ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы аяқталу сатысына жетті. Бұл – ауыл тұрғындары көп жылдан бері күткен маңызды әлеуметтік нысан. Жаңа медициналық пункт халыққа сапалы әрі қолжетімді алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосады.

Осы уақытқа дейін Саты ауылындағы медициналық пункт 1958 жылы салынған бейімделген тұрғын үй ғимаратында орналасып келді. Ғимараттың техникалық жағдайына жүргізілген арнайы тексеру нәтижесінде ол апаттық жағдайда деп танылды. Сондықтан жаңа медициналық пункт салу мәселесі ауыл тұрғындарының көп жылғы тілегі болды.

Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы 20 сәуірде басталды. Қазіргі таңда нысан аяқталу сатысында. Негізгі ғимараттың құрылысы толық аяқталып, қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жедел медициналық жәрдем көлігіне арналған гараж бен қазандықтың құрылысы толық аяқталды.

Мердігер мекеме нысанның аумағын абаттандыру жұмыстарын да қатар жүргізуде. Қазіргі таңда аумаққа құнарлы топырақ төселіп, ағаштар мен гүлдер отырғызуға дайындық жұмыстары атқарылуда. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылғы 30 тамызға жоспарланған.

Аталған жоба Павлодар облысы әкімінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Саты ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы күткен жаңа медициналық пункттің салынуына зор ризашылықтарын білдіріп, оның пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және медициналық қызметтің сапасын арттыруға үлкен үлес қосатынына сенім білдіреді.