ГМО туралы не білу қажет?

ГМО туралы не білу қажет?
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен тұрақты негізде гендік модификацияланған өнімдерді анықтау және сөрелерден алып тастау бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалында тағам өнімдерінің құрамында ГМО бар-жоғын анықтау үшін зертханалық зеттеулер жүргізіледі.
2022 жыл басынан бері ГМО анықтау мақсатымен 15 сынама алынып зерттелді, оның ішінде консервіленген көкөністер мен жеміс-жидектер және қытырлан чипстардың үлгілері сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысында оң нәтиже берген сынама анықталған жоқ.
ГМО деген не?
ГМО (гендік модификацияланған организмдер) – геннің жиынтығы жасанды түрде өзгертілген организм. ГМО көбінесе ауыл шаруашылығында және тамақ өнеркәсібінде қолданылатын өсімдік түрлері. Бұл гербицид пен пестицидке төзімділікті арттыру, зиянкестерге төзімділікті арттыру және егіннің өнімділігін арттыру үшін құрамына бөтен гендер орналастырылған өсімдіктер.
Қандай гендік модификацияланған организмдер өсіріледі?
Бүгінгі күні гендік модификацияланған организмдер көптеген елдерде өсіріледі. Дүние жүзінде бәрінен көп өсірілетін генетикалық түрлендірілген өсімдіктердің түрі: соя, жүгері, мақта, картоп, қызанақ, асқабақ және күріш.
Егер құрамында гендік модификацияланған организмдері бар тағам өнімдерін сатып алғыңыз келмесе не істеу керек?
Тағамда ГМО барын анықтау үшін оның құрамын мұқият оқу қажет. Әдетте, өндірушілер тауар құрамындағы ГМО-ны ұсақ шрифтпен көрсетеді. «Модификацияланған» деген сөзді іздеңіз, көбінде бұл түрлендірілген крахмал, түрлендірілген соя немесе түрлендірілген жүгері деп жазылады.
Тағамда ГМО жоқ болса, «ГМО құрамында жоқ» немесе «ГМО-сыз» деген таңбасы болады. ГМО құрамында бар, бірақ мөлшері нормадан аспайтын (0,9 %-тен көп емес) тағамдар да дүкен сөрелерінен кездеседі.
Сондай-ақ, тағам өнімінің сыртқы түріне назар аударыңыз. Гендік модификацияланған организмдердің сыртқы формасында, түрінде мін жоқ. Олардың пішіні дұрыс, мөлшері бірдей болады. Жаңа ген сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына төзімділігін арттыруы салдарынан көпке дейін бұзылмайды. Егер көкөністер жәндіктермен зақымдалған болса, онда сіздің алдыңызда табиғи өнім.