Аққулы ауданында мыңға жуық оқушы экологиялық акцияны қолдады

Аққулы ауданында мыңға жуық оқушы экологиялық акцияны қолдады

 

«Таза Қазақстан» жобасы аясындағы іс-шаралардың ауқымы айтарлықтай кеңейді. «Бірге болашақты отырғызайық» атты акцияға 300-ден астам педагог, шамамен 900 оқушы және 400-ден аса ата-ана қатысты. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау шараларын іс жүзінде көрсетіп, әлеуметтік нысандар аумағын, қоғамдық орындарды тазалап, ағаш көшеттерін отырғызды. Жиналған қоқыс тек жиналып қана қоймай, сұрыпталды.

 

Жалпы көлемі шамамен жеті тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы полигонға шығарылды. Пластик, қағаз және шыны қалдықтары қайта өңдеуге мамандандырылған пункттерге жіберілді.

 

Облыстық білім басқармасы мамандарының мәліметінше, балалар ересектермен бірге гүлзарлар жасап, ағаштарды әктеді.

Аққулы аудандық білім бөлімінің әдіскері Әсем Оспанованың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Табиғатты қорғауды олар тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де үйренуі маңызды. Бүгін оқушылар 350 көшет отырғызды: 100 қарағай, 150 шырша, 50 терек және 50 қайың, – деді ол.