Павлодар облысының делегациясы Жетісу облысында өткен азаматтық форумға қатысты.

Павлодар облысының делегациясы Жетісу облысында өткен азаматтық форумға қатысты.


2025 жылғы 23 мамырда Талдықорған қаласында «Азаматтық қоғам 2.0: мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылдың инновациялық үлгілері – өңірлік дамудың драйвері» атты Жетісу облысының Азаматтық форумы өтті.

Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «Халықаралық шарттарды қоғамдық мониторингтеу жөніндегі Қазақстандық орталық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Моисеева, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен делегаттар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Павлодар облысынан ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Бекзат Байдүйсен және «Республикалық экологиялық технологиялар орталығы» корпоративтік қорының директоры, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Марина Регатунова форумға қатысып, тәжірибе алмасты.

Форум Жетісу облысы Азаматтық Альянсының төрайымы Дания Қыдырбаева модераторлығымен өтіп, ашылу салтанатында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтау сөз сөйледі.

Форум жұмысы үш бағыттағы секциялық отырыстармен жалғасты:

Азаматтық қоғамды цифрландыру және технологиялық шешімдер;

Мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасындағы әріптестік;

Жастар белсенділігі, волонтерлік және әлеуметтік медианың рөлі.


Пленарлық отырыста азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосқан белсенді тұлғалар арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, пікір алмасу, ұсыныс білдіру, фотосессия мен сұхбаттасу ұйымдастырылды.

Қорытындыда делегаттар өңірдегі ҮЕҰ жобаларымен танысып, форум концерттік бағдарламамен аяқталды. Іс-шара азаматтық қоғамды дамытуда маңызды диалог алаңы болды.