НҰР ОТАНДЫҚТАР ЕРТІСТЕ

НҰР ОТАНДЫҚТАР ЕРТІСТЕ

7-қыркүйекте «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары И.Теренченко, «Nur Otan» партиясының мүшелері, облыстық маслихат депутаттары Д.Айтжанова, Р.Даумова, Г.Нұрхановалар іс сапармен Ертіс ауданында болып қайтты. Лауазымды меймандарды Ертіс аудан әкімі А.Бейсекин қарсы алып, Қызылжар ауылында жуырда ғана пайдалануға берілген әлеуметтік нысандарды, өндіріс ошақтарын көрсетті.

Облыстық маслихат депутаттары, партия төрағасы орынбасарының әуелгі ат басын тіреген ауылдық мәдениет үйі болды. «Ауыл ел бесігі» мемлекеттің бағдарлама аясында бөлінген 300 млн теңге қаржыға бұрынғы ғылыми зерттеу институтының ғимаратының үшінші қабаты алынып тасталып қайта салынып (реконструкцияланып), мәніне сәні келіскен жаңа ғимарат, ауылдың мәдениет ошағына айналған болатын.

Жақсыны көрмекке дегендейін облыс орталығынан ат артып келген лауазымды қонақтар, заманауи үлгіде түрленіп, әрленген ғимаратты ауылдың мәдениет кешені деп бағалады.

Бұған себеп те жоқ емес. Ел игілігіне пайдалануға берілген жаңа ғимаратта ауылдық округ әкімшілігінің аппараты, учаскелік полиция инспекторы, почта қызметі, мәдениет үйі, дәрігерлік пункт, кітапхана орналасқан.

Мәдениет ошағының екі қабатын аралап көрген меймандар құрылыс жұмыстарының өте мұқият, тиянақты, ұқыпты, тіптен елеусіз деген нәрсенің өзіне ерекше мән беріп, ыждаһаттылықпен заманауи деңгейде жүргізілгенін көріп, таңданыстарын жасырып қала алмады.

Биылғы жазда аудандағы тіректі ауылдардың бірінен саналатын Қызылжардың 9 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселген еді. Ауыл көшелерін аралап көрген лауазымды меймандар, ауыл тұрғындары үшін атқарылған іске ризашылықтарын білдірді.

Мұнымен қатар аудан әкімі А.Бейсекин «Нұр отандық» әріптестерін «Заманауи мектеп» тұжырымдамасына сай спорт, акт залдары, асханасы қайта өзгертілген ауыл мектебінде болды. Жоғарыда айтылған  тұжырымдамаға сәйкес істелген игілікті істер келгендердің көңілінен шыққаны анық.

Облыстық мәслихат депутаттары ауданда соңғы жылдар қарқынды дамып келе жатқан суармалы жерді де назарларынан тыс қалдырмады. Олар аумағы 284,7 гектарды құрайтын «Оразбаев» ШҚ тиеслі жер учаскесінде болып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Аяқталуы биылғы жылдың желтоқсанында жоспарланып отырған суармалы жер телімінде келешекте жалпы құны 188 млн теңгені құрайтын мал азықтық, бұршақ тұқымдас, бақша дақылдары егілмек.

Бұдан соң облыстық мәслихат депутаттары «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы кеңсесінде болып, кейбір аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Іс сапар соңында облыстық мәслихат депутаттары ертістік әріптестерімен отырыс өткізді. Мәселен, Ертіс аудандық мәслихатының хатшысы Б.Шыңғысов ауданда бірқатар нысандардың ныс ЖСҚ-жобалау сметалық құжаттары (ПДС) жасалып қойылған. Өкініштісі олардың мерзімі бітуге жақын. Аудан бойынша бірнеше әлеуметтік маңызды жобалардың қаржы мәселесі шешілмегендіктен тоқтап тұрғанын айтып, соған депутаттардың көмек көрсетуін сұрады. «Замандас» ШҚ төрағасы Д.Бәкішев: Аудан аумағындағы Павлодар-Русская Поляна республикалық деңгейдегі тас жолының жұмыс жағдайын бақылайтын «Қазавтожолдың» Ақтоғай филиалының жұмысы сын көтермейді, жаз айларында жолдың екі қапталына өскен шөп шабылмай өрт қауіпін тудырса, қыс айларында кейбір бөлігін қар басып ауданның осы жол бойында орналасқан елді мекендермен қатынас қиындайды.

Сондықтан республикалық деңгейдегі жолдың біздің аудандағы бөлігіндегі жаз, қыс айларында жүргізілетін жұмыстарды, аудан аумағындағы облыстық деңгейдегі жолдардың жұмыс жағдайын үздік атқарып отырған «Нұрал» ЖШС жұмысыналға тартып, мысал ретінде айтып өтті.

Қойылған сұрақтарды облыстық депутаттар құзырлы мекемелерімен ақылдаса келе жауап берілетінін алға тартты.