Білім беру сапасын арттыру мәселелеріне арналған аудандық диалог алаңы

Білім беру сапасын арттыру мәселелеріне арналған аудандық диалог алаңы

Бүгін физика пәні мұғалімдеріне арналған мазмұнды аудандық «Физика пәні бойынша білім сапасын арттыру: қиындықтардан тиімді шешімдерге» диалог алаңы өтті. Диалог алаңының негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру мәселелерін талқылау және оқу үдерісінде тиімді практикалық шешімдерді іздеу.
Оқушылардың білім сапасына, сондай-ақ олардың олимпиадалар мен ғылыми-зерттеу конкурстарына қатысу нәтижелілігіне талдау жасап, әдіскер Абдразакова А.А. баяндама жасап, негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдарын атап өтті.
Диалог алаңы барысында физика пәні мұғалімдерінің жұмысындағы негізгі бағыттар жан-жақты қарастырылды. Мектеп зертханасын тиімді ұйымдастыру мәселесі бойынша № 1 Ертіс мектебінің физика пәні мұғалімі Ауталипова А.М. өз тәжірибесімен бөлісті. Ленин мектебінің физика пәні мұғалімі Абигузина С.К. зертханалық жұмыстар мен демонстрациялық тәжірибелерді өткізу барысында интерактивті ресурстарды қолдану тәжірибесін ұсынды. Ал №4 Ертіс мектебінің физика пәні мұғалімі Дусюнбаев Б.В. және №3 Ертіс мектебінің физика пәні мұғалімі Бейсембинов Б.С. білім алушыларды ҰБТ-ға даярлау бойынша өзекті мәселелерді қозғап, тәжірибеде қолданылатын нәтижелі әдістемелік тәсілдермен таныстырды.
Сонымен қатар диалог алаңы аясында білім бөлімінің басшысы А.Т.Сарсенованың физика пәні мұғалімдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында пәнді оқытудың өзекті мәселелері, білім алушылардың білім сапасын арттыру жолдары және алдағы жұмыс бағыттары талқыланды.
Диалог алаңының ерекше құндылығы педагогтердің практикалық тәжірибе алмасуы, еркін пікірталас және жаңа идеяларды бірлесе іздестіруімен айқындалды. Қатысушылар мұндай кездесулердің кәсіби дамуға және білім беру үдерісін жетілдіруге зор ықпал ететінін атап өтті.