
«Заң мен тәртіп» акциясы аясында Ертіс ауданының прокуратурасының үйлестіруімен білім беру бөлімі, полиция қызметкерлері және «Халық банк» аудандық басқармасының өкілдері педагогикалық қауымдастығы арасында «Интернет-алаяқтықтың алдын алу» атты іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – педагогтардың интернет-алаяқтықтың заманауи түрлері жөніндегі хабардарлығын арттыру, қауіпті схемаларды дер кезінде танып, ықтимал қатерлерге дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру.
Іс-шара барысында Ертіс ауданының прокуроры Саттыбаев А. Қ.; сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығына қадағалау басқармасының аға прокуроры Жұмаш Е. Ғ.; полиция бөлімінің міндетін атқарушы бастығы, полиция полковнигі Алпысбаев Т. Т. баяндама жасады
Полиция қызметкерлері «Телефондық шабуыл» атты практикалық сабақ өткізіп, педагогтарға телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың белгілерін, алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері мен психологиялық ықпал ету әдістерін таныстырды.
«Халық банк» Ертіс аудандық басқармасының бастығы Мукушева Б.А. қаржылық интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған «4 SMS» атты практикалық жаттығу жүргізді. Қатысушыларға нақты мысалдар негізінде түсіндірілді: алаяқтармен жазысқан хат алмасудың қандай болатыны; алғашында қандай күмәнді белгілерге назар аудару қажет; алғашқы минуттарда қандай әрекеттер жасау керектігі; жеке деректерді қорғау және құқық қорғау органдарына ақпаратты дұрыс беру үшін деректерді қалай тіркеу керек.
Ертіс аудандық ауруханасының психологы Сурағанов Д. У. интернет-алаяқтар қолданатын манипуляциялық әдістерді тануға арналған психологиялық тренинг өткізді.
Педагогтарға бейнематериалдар көрсетіліп, желідегі қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және қаржылық қауіпсіздік бойынша арнайы жадынамалар таратылды.