Мереке және демалыс күндері жұмыс істеу

Мереке және демалыс күндері жұмыс істеу

         Алдағы ұзақ мереке күндеріне байланысты Еңбек кодексінде демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс тәртібі белгіленгенін хабарлаймыз, Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес осы кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жұмыскердің жазбаша келісімімен немесе оның өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.

         Бұл ретте ауысым кестесі бойынша немесе вахталар кестесі бойынша вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерді мереке күндері, сондай-ақ Еңбек кодексінің 84-бабы 5-тармағында көзделген демалыс күндері жұмысқа тарту үшін қызметкерлердің жазбаша келісімі және жұмыс берушінің актісін шығару талап етілмейді.

         Демалыс және мереке күндері еңбек міндеттерін орындайтын қызметкерге еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғары мөлшерде ақы төленеді, бірақ қызметкердің күндізгі (сағаттық) ставкасы негізінде бір жарым мөлшерден төмен емес немесе қызметкердің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі.

         Сонымен қатар, демалыс және мереке күндері жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтама берген жүкті әйелдерді жұмысқа тартуға тыйым салынады.

         Мереке және демалыс күндері кезекшілікті жүзеге асыру қажет болған жағдайда, мұндай кезеңдер жұмыс уақытына қатысты екенін есте ұстаған жөн.