Бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс

Бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс

         Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс (декретті демалыс) жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі.

         Жұмыс беруші жұмыскерге:

         1) ата-анасының таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;

         2) баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;

         3) ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына не қамқоршысына;

         4) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерге жоғарыда көрсетілген демалысты беруге міндетті.

         Жұмыскер декретті демалысты толық немесе бөліп пайдалана алады.

         Осы демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

         Декретті демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.

            Декреттік демалыс уақытында әйел тағы да жүкті болса, сонымен қатар бірінші декреттік демалыс аяқталмаған болса, онда әйел жұмысқа шығуы міндетті емес. Екінші баланың үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі.