Жұмыскердің өз еркімен жұмыстан шығуы

Жұмыскердің өз еркімен жұмыстан шығуы

         Жұмыскер еңбек қатынастарын тоқтатқысы келгенде қызметкер жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын хабардар етеді. Еңбек шартында хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімін белгілеуге жол беріледі.

         Хабарлама жазбаша нысанда (қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанындағы) қолма-қол не курьерлік пошта байланысы, пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы немесе жұмыскердің немесе жұмыс берушінің авторизациялануы, сәйкестендірілуі қамтамасыз етіле отырып, электрондық түрде берілген өтініш болуы керек.

         Хабардар ету мерзімі өткен соң, материалдық жауапты адамдардың кінәсінен жұмыс берушінің мүлкін (құжаттамасын) қабылдау-беру аяқталмаған жағдайлардан басқа, жұмыскер жұмысты тоқтатуға құқылы. Жұмыс берушінің мүлкін (құжаттамаларын) қабылдау-беру аяқталған күн материалдық жауапты жұмыскерлермен еңбек шартын бұзған күн болып табылады.

         Ал маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскердің еңбек шартын өз бастамасы бойынша, бұл туралы жұмыс берушіні күнтізбелік жеті күн бұрын хабардар ете отырып бұзуға құқығы бар.

         Климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезең (маусым) ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық деп танылады.

         Сонымен бірге, хабарлама мерзімі ішінде жұмыскер өзінің хабарламасын кері қайтарып ала алады.

         Еңбек шарты жұмыскердің бастамасы бойынша жұмыс берушінің жазбаша келісімімен, хабардар ету мерзімі аяқталғанға дейін бұзылуы мүмкін.