
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының маңызды қағидаттарының бірі – еңбек саласында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Жұмыс беруші жұмыскерлердің жынысына, жасына, отбасылық жағдайына, балаларының болуына немесе жұмыскердің іскерлік қасиеттеріне байланысты емес өзге де мән-жайларға қарамастан, олардың еңбек құқықтарын іске асыруына жағдай жасауға міндетті.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 6-бабына сәйкес еңбек саласында кемсітушілікке тыйым салынады. Бұл жұмысқа қабылдау, еңбек жағдайларын өзгерту, қызмет бойынша жоғарылату немесе еңбек қатынастарын тоқтату кезінде жұмыс берушінің жұмыскердің кәсіби қасиеттеріне байланысты емес себептер бойынша оның құқықтарын шектеуге құқығы жоқ екенін білдіреді.
Жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс беруші үміткерді оның біліміне, біліктілігіне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби дағдыларына, заңда көзделген жағдайларда денсаулық жағдайына, сондай-ақ нақты лауазымға қойылатын талаптарға сәйкестігіне қарай бағалауы тиіс. Жүктілік, жас балаларының болуы, отбасылық міндеттері, жалғызбасты ата-ана мәртебесі немесе болашақта жүктілікке және босануға байланысты демалысқа не бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы мүмкін деген себеппен жұмысқа қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді.
Сонымен бірге еңбек заңнамасында жұмыскерлерге еңбек қызметін отбасылық міндеттерімен үйлестіруге мүмкіндік беретін тетіктер көзделген. ҚР Еңбек кодексінің 74-бабына сәйкес жұмыскерлерге, оның ішінде қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлерге, өндіріс мүдделерімен қатар олардың әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.
Икемді жұмыс уақыты режимінде белгіленген жұмыс уақыты, икемді немесе ауыспалы жұмыс уақыты, сондай-ақ есептік кезең айқындалады. Белгіленген жұмыс уақытында жұмыскер жұмыста болып, еңбек міндеттерін орындауға міндетті, ал икемді уақытта жұмыс берушімен келісу арқылы жұмыс күнінің басталуын, аяқталуын немесе ұзақтығын өзі айқындай алады.
Бұдан бөлек, ҚР Еңбек кодексінің 70-бабы 3-тармағына сәйкес жұмыс беруші үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың бірінің, сондай-ақ медициналық қорытынды негізінде отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтын жұмыскердің жазбаша өтініші бойынша толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті.
Икемді жұмыс кестесі мен толық емес жұмыс уақыты әртүрлі құқықтық режимдер екенін түсіну маңызды. Икемді жұмыс кестесі жұмыскер мен жұмыс берушінің мүдделерін ескере отырып белгіленеді, ал заңда тікелей көзделген жағдайларда толық емес жұмыс уақытын жұмыс беруші жұмыскердің жазбаша өтініші бойынша белгілеуге міндетті.
Икемді немесе толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу еңбек құқықтарын шектеуге, жұмыскерге қысым көрсетуге немесе оның қызметтік өсуінен бас тартуға негіз болмауы тиіс.
Осылайша, кемсітушілікке тыйым салу және жұмыспен қамтудың икемді нысандарын қолдану әділ еңбек жағдайларын қалыптастыруға, отбасылық міндеттері бар жұмыскерлерді қолдауға және жұмыс пен отбасы өмірі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.