Жүкті әйелдер мен отбасылық міндеттері бар жұмыскерлердің еңбек кепілдіктері

Жүкті әйелдер мен отбасылық міндеттері бар жұмыскерлердің еңбек кепілдіктері

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында әйелдерге, жүкті жұмыскерлерге және отбасылық міндеттері бар адамдарға қосымша кепілдіктер көзделген. Бұл нормалар ана мен баланы, отбасын қорғауға, сондай-ақ еңбек саласында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 6-бабына сәйкес еңбек саласында кемсітушілікке тыйым салынады. Жүктілік, жас балаларының болуы, отбасылық міндеттері немесе бала күтіміне байланысты демалыста болуы жұмыскердің еңбек құқықтарын шектеуге, еңбек жағдайларын нашарлатуға немесе заңда көзделген кепілдіктерді беруден бас тартуға негіз бола алмайды.

Жүкті әйелдерге ерекше кепілдіктер белгіленген. ҚР Еңбек кодексінің 70-бабы 3-тармағына сәйкес жұмыс беруші жүкті әйелдің жазбаша өтініші бойынша оған толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті. Сонымен қатар ҚР Еңбек кодексінің 76-бабына сәйкес жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтама ұсынған жүкті әйелдер түнгі уақыттағы жұмысқа жіберілмейді. Сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 77-бабында жүкті әйелдерді үстеме жұмысқа тартуға жол берілмейтіні көзделген.

ҚР Еңбек кодексінің 99-бабында жүкті әйелдің жүктілікке және босануға байланысты демалыс алу құқығы көзделген. Мұндай демалыс уақытша еңбекке жарамсыздық парағының негізінде беріледі. Бала туғаннан кейін жұмыскер бала күтіміне байланысты демалысты да пайдалана алады.

ҚР Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес жұмыс беруші бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Бұл демалыс ата-аналардың таңдауы бойынша анасына немесе әкесіне, баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысқа, қорғаншыға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алған жұмыскерге берілуі мүмкін.

Бала күтіміне байланысты демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде, оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу фактісін растайтын құжат ұсынылған кезде беріледі. Жұмыскер бұл демалысты бала үш жасқа толғанға дейін толық немесе бөліп пайдалана алады.

Бала күтіміне байланысты демалыста болу еңбек қатынастарын тоқтатпайды. Жұмыскердің жұмыс орны сақталады, ал жұмыс беруші мұндай демалысты еңбек тәртібін бұзу немесе жұмыскердің жағдайын нашарлатуға негіз ретінде қарастыра алмайды.

Сонымен қатар Еңбек кодексінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша жүкті әйелдермен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы немесе он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, сондай-ақ аталған санаттағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен еңбек шартын бұзуға қатысты шектеулер көзделген.

Осылайша, жүкті әйелдер мен отбасылық міндеттері бар жұмыскерлерге берілетін еңбек кепілдіктері еңбек құқықтарын қорғаудың, жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз етудің және отбасын қолдаудың маңызды тетігі болып табылады.