
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин «Алтын белгі» иегерлерін құттықтады
18 маусым күні Екібастұзда қала әкімі Аян Бейсекиннің «Алтын белгі» иегерлерімен салтанатты кездесуі өтті.
Биыл өңірдегі мектептерді 1109 түлек тәмамдады. Оның ішінде 72 оқушы «Алтын белгіге», ал тағы 52 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер атанды.
Кездесу барысында халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадаларда, байқаулар мен ғылыми жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Екібастұздың мерейін асқақтатқан дарынды оқушылардың жетістіктері ерекше аталып өтті.
Қала әкімі түлектерге арнаған сөзінде білімді, еңбекқор әрі отаншыл жастар – еліміздің табысты болашағының берік негізі екенін атап өтіп, оларға алдағы өмір жолында өз мақсаттарына нық қадам басып, биік белестерді бағындырып, Екібастұз бен Қазақстанның абыройын асқақтата берулеріне тілектестік білдірді.
Кездесу соңында қала әкімі өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздар қауымына және ата-аналарға алғыс айтып, әрбір түлектің жетістігі – отбасы мен мектептің бірлескен еңбегінің жемісі екенін ерекше атап өтті