
6–7 маусым күндері Екібастұз қаласында өңірдегі ең ірі спорттық іс-шаралардың бірі – Ekibastuz Half Marathon RWS RUN 2026 жартылай марафоны өтті. Аталған жарыс жүгіру әуесқойларын, кәсіби спортшыларды, отбасылар мен қала қонақтарын бір арнаға тоғыстырды. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бұл шара қаланың маңызды спорттық дәстүріне айналып келеді.
Жарыстың ресми ашылуы барысында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қатысушыларды құттықтап, бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Ол спортшыларға сәтті старт, жігер мен жарқын мәреге жетуді тілеп, мұндай бастамалардың спорт мәдениетін нығайтып, қаланың танымалдылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жартылай марафонның ұйымдастырушысы – спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған RWS RUN жобасын жүйелі түрде дамытып келе жатқан Railways Systems KZ компаниясы.
Биылғы жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Франция, Германия, Беларусь, Канада, Ресей секілді алты шетелден келген шамамен 1200 қатысушы қатысты. Жүгірушілер халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылған 5, 10 және 21 шақырым қашықтықтарды бағындырды.
Іс-шараның ерекше жаңалығы – алғаш рет ұйымдастырылған 1 шақырымдық балалар жарысы болды. Бұл бастама марафонға отбасылық сипат беріп, көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жас қатысушылар өздерінің спортқа деген құштарлығы мен жеңіске деген ұмтылысын көрсетсе, жанкүйерлердің қолдауы нағыз спорт мерекесінің атмосферасын қалыптастырды.
Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне барлық кезеңде қатысушыларға қолдау көрсеткен 150-ден астам ерікті үлес қосты. Ұйымдастырушылардың, құқық қорғау органдарының, медицина қызметкерлерінің және еріктілердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде іс-шара жоғары кәсіби деңгейде өткізілді.
Бүгінде Екібастұз еліміз басшылығы мен Павлодар облысы әкімінің қолдауымен қарқынды дамып, жаңа жобаларды жүзеге асырып, спорттық инфрақұрылымды жаңғыртып, тұрғындардың белсенді демалысы мен спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауда.
Қала әкімі ауқымды спорттық іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан ұйымдастырушыларға, еріктілерге, серіктестерге және барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, бұл жарыс өңірдің маңызды спорттық оқиғасына айналғанын және Екібастұздың қуаттың, энергияның және үлкен спорттық жетістіктердің қаласы екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.