Екібастұзда дарынды және талантты балалар марапатталды

Екібастұзда дарынды және талантты балалар марапатталды

2026 жылғы 4 маусымда Екібастұз қаласында халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадаларда, байқаулар мен жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген дарынды оқушыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жас таланттарға марапаттарды қала әкімі Аян Бейсекин табыстады.

Іс-шара барысында қала әкімі оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, әрбір табыстың артында табанды еңбек, білімге деген ұмтылыс, ата-аналардың қолдауы және ұстаздардың кәсіби шеберлігі жатқанын атап өтті.

Биылғы оқу жылында Екібастұз өңірінің оқушылары халықаралық деңгейде 13 жүлде жеңіп алып, республикалық байқауларда 95 рет жеңімпаз және жүлдегер атанды, сондай-ақ облыстық кезеңдерде 388 оқушы үздіктер қатарынан көрінді.

Ерекше атап өтілген жетістіктердің қатарында Ташкент қаласында өткен халықаралық «Uzbekistan FIRST Championship 2026» робототехника чемпионатында Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған «Самғау» балалар шығармашылық орталығы мен Екібастұз қаласындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің «ROBOTEK» командасы бар. Сондай-ақ пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары, ғылыми жобалардың авторлары, шығармашылық байқаулардың лауреаттары және спорттық жарыстардың жүлдегерлері марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында халықаралық «ГЕОСТАР» география олимпиадасының республикалық кезеңінің жеңімпазы Давыд Рябушев, республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауының бас жүлде иегерлері, Музыка мектебінің оқушылары, сондай-ақ баскетбол мен футболдан республикалық жарыстарда Екібастұз намысын қорғаған жас спортшылар бар.

Аян Бейсекин ұстаздар мен ата-аналарға алғысын білдіріп, олардың қамқорлығы мен қолдауы жас ұрпақтың қабілеттерін ашуға және жоғары нәтижелерге жетуге ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Кездесу соңында қала әкімі оқушыларға жаңа жетістіктер, өз күштеріне сенім және алдағы мақсаттарына жетуде сәттілік тіледі.