Павлодар қаласының оқу-өндірістік комбинатында жасөспірімдер үшін белсенді және пайдалы демалыс ұйымдастырылды. Жазғы демалыс кезінде 3 - 14 маусым аралығында қала мектептерінің 160-тан астам 7 - 8 сыныптағы оқушылары үшін шеберлік сағаттары өткізіледі. Іс-шара оқу комбинатының «Мамандыққа апаратын қадамдар» жобасы шеңберінде оқушыларды мамандықтар әлемімен таныстыру, оқушылардың кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру, бастапқы кәсіби дағдыларын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Осы кезеңде алты бейінді жасақ ашылды: «Бизнес туралы», «Жас дәрігер», «Маркетинг туралы», «Сұлулық студиясы», «Тігін шеберханасы», «Өзін-өзі анықтау туралы». Жазғы мамандықтар мектебінің тұжырымдамасы баланы әр түрлі іс-шараларға қосу арқылы өзін-өзі жүзеге асырудың тиімді құрылған жүйесіне негізделген.
«Бизнес туралы» бағытында қатысушылар түрлі іскерлік командалық ойындардың көмегімен нарықтық экономика, менеджмент, маркетинг, бизнес және кәсіпкерлік мамандықтар әлемінің нақты өзара әрекеттесу атмосферасында болады, сондай-ақ стартаперлердің рөлдерін «өздеріне сынап көреді», ресурстарды сауатты басқаруды үйренеді, нарықтық механизмнің негізгі заңдылықтарын сезінуге тырысады, өздерінің шығармашылық қабілеттерін ашып көрсетеді, адамдармен тез және нәтижелі қарым-қатынас жасау қабілетін жетілдіреді.
Жас дәрігерлер «жедел жәрдем» келгенге дейін адамның өмірін қалай сақтап қалу керек екендігін, жүрек-өкпе реанимациясы барысында жүректің соғысын қалай қалпына келтіруді, әртүрлі жарақаттар алған кезде алғашқы медициналық көмегін көрсетуді үйренеді. Муляж-роботтармен және робот-тренажерлармен жабдықталған кабинетте оқу - бұл білім мен дағдыларды алу үшін бірегей мүмкіндік! Сондай-ақ, массаж жасау негіздерімен танысады.
«Маркетинг туралы» бағытында қатысушылар маркетингтің негіздерімен танысады және іс жүзінде промоутер мамандығының мерчендайзер немесе супервайзер мамандығынан айырмашылығын біледі. Маркетингтік кеңістікті құру барысында олар туындаған мәселелер бойынша шешім іздейді, жаңа бренд ойлап табады, оған жарнама жасайды және туындаған мәселелерді шешеді, шығармашылықты көрсетеді.
Қыздар арасында ең танымал бағыт «Сұлулық студиясында» өтеді, мұнда олар кез келген жағдайда әдемі және сапалы макияж, шаш үлгілерін жасауды үйренеді. Ынтымақтастық аясында қыздарды сұлулық әлемімен таныстыру үшін шебері Лариса Юрьевна Саранчинаның жетекшілігімен Павлодар политехникалық жоғары колледжінің «Шаштараз өнері және сәндік косметика» мамандығының студенттері тартылған.
«Тігін шеберханасында» балалар электр тігін машинасында жұмыс істеуді, өз қолымен әдемі аксессуарлар мен қажетті тігін бұйымдарын оңай жасауды үйренеді, күнделікті тігін лайфхактарын үйренеді, мысалы тігін машинасынсыз шалбарды қалай қысқартуға болады.
Оқушылардың болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға оң мотивациясын қалыптастыру мақсатында «Өзін-өзі анықтау туралы» тренингі өткізіледі. Мұнда қатысушылар тұлғалық психологиясының қызықты әлемімен танысып, өздерінің күшті және әлсіз жақтарын, эмоцияларын қалай басқаруға және айналасындағылармен қарым-қатынас орнатуға болатындығын біледі, қазіргі және болашақ мамандықтар әлемімен танысады.
«Журналистика және блогинг» арнайы курсының оқушылары өздерінің тәлімгері, облыстық «Ирбис» телеарнасының журналисі Артем Маратұлы Булановтың жетекшілігімен оқу комбинатында жазғы мектеп туралы репортаж түсіру бойынша практикалық дағдыларын шыңдады.
- Оқушылармен өтізілген мұндай жұмыс өзін-өзі дамытуға деген оң көзқарас пен мотивацияға ықпал ететіні сөзсіз. Ойын түріндегі практикалық тапсырмалар жасөспірімдер үшін табиғи, бірақ «кәсіби» мазмұны бар мамандықтар әлемімен танысуға мүмкіндік береді. Қыркүйек айында біз 7 - 11 сынып оқушыларын бейіндік курстарымызға күтеміз, мұнда олар 10 мамандық бойынша кәсіби сынамалардан өтіп, оқу жылының соңында алғашқы құжатын алады – дейді комбинат директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Светлана Леонидовна Новоселова.Ағымдағы оқу жылында «Кіші медбике-массажшы», «Маркетинг бойынша менеджер», «Графикалық дизайн», «Педагог-психолог», «Киім дизайнері», «Журналистика және блогинг» бейіндік мамандықтары бойынша 9 - 10 сыныптардың 805 оқушысы біліктілік куәліктерін, ««В», «ВС1» санатындағы көлік құралдарының жүргізушісі» мамандығын меңгерген 11 сыныптағы 428 түлегі МАИ-да емтихандарды сәтті тапсырғаннан кейін жүргізуші куәлігін алады.