Домбра үні – ұлттың үні

Домбра үні – ұлттың үні

Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы. Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Жалпы, әрбір қазақ үшін киелі домбыра - ұлтымыздың символы. Қазақ күйі адам жанын тебірентеді, керемет сезімге бөлейді, жүрекке бойлап, терең бойлайды. Көпшелілер заманында да солай болған, бүгін де солай. Домбыра бағзы заманнан бері қазақ халқымен бірге жасап келеді. Адамдар оны қайғыда да, қуанышта да қолынан түсірмейді.  

2023 жылдың 27 маусым күні М.М.Катаев ат. облыстық Оқушылар сарайының көркемөнер тәрбие беру бөлімінің «Жас екпін» үлгілі домбыра ансамбілі, «Мұрагер» домбыра ұжымы, «Еркем-ай» ұлттық вокал студиясының тәрбиеленушілері Ұлттық Домбыра күніне арнап өз шығармаларын орындады. Сахына төрінде оқушылар Құрманғазының «Балбыраун», халық күйі «Келіншек» және тағы да басқа күйлерді тарту етті. «Вдохновение» үлгілі би ансамбілінің мың бұралған бишілері қазақ билерін биледі. 

Оқушылар сарайында жылдан жылға домбыра тартатын жас буынның қатары көбейіп келеді. Іс-шараның басты мақсаты өскелең ұрпаққа күйшілік өнерді  үйрету, халқымыздың аса қасиетті дүниесі домбыра туралы түсінік беру, атақты күйшілер туралы мағлұмат беру, өз  ұлтының музыка өнерін сүюге, қадірлеуге тәрбиелеу, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттыру.

Сыңғырлаған домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келеді. Аталған аспап туралы қазақ ертегілерінде де, аңыз әңгімелерінде де айтылады. Ал Құрманғазы, Дина Нүрпейісова, Нұрғиса Тілендиев сынды домбыраның құлағында ойнаған дәулескер күйшілердің есімдері қазақ мәдениетінің символына айналып, олардың шығармалары қазақ музыкасының жылнамасында сақталған.