Оқу жылының соңғы қоңырауы

Оқу жылының соңғы қоңырауы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұсынымына сәйкес алғаш рет республика мектептерінде оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталды. Оқу жылының соңғы күнінде Павлодар қаласының жалпы білім беретін мектептерінде сынып сағаттар өткізілді.

Оқу жылының қорытындысын шығару және балаларды жазғы демалыс кезеңіне даярлау мақсатында сынып сағаттарында білім алушыларға оқуға арналған кітаптар, көруге арналған фильмдер тізбесі ұсынылды, ұйымдастырылған демалыстың артықшылықтары, қосымша білім беру ұйымдарына бару қажеттілігі, еңбектің пайдасы және ата-аналарға, әжелер мен аталарға қолдан келгенше көмек көрсету, жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат берілді. Сынып сағаттарының негізгі бөлігі патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, достық, бейбітшілік, ел тарихын құрметтеу, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу және жаппай ашаршылық туралы тақырыптар болды.

Салтанатты іс-шаралар 1 маусым күні балаларды қорғау күнін мерекелеу жөніндегі іс-шараның форматы мен шеңберінде өтті.

Павлодар қаласының жалпы білім беретін мектептерінде 1 - 11 сыныптардың 48848 оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылды, оның ішінде 11 сыныптың 1463 түлегі мен 9 сыныптың 4061 түлектері бар. 11-сынып түлектерінің қатарында «Алтын Белгі» үздік аттестатына 29 үміткер және үздік аттестатқа 55 үміткер бар.

Мерекелік іс-шараларға облыс және қала әкімдігінің, Павлодар қаласы білім беру бөлімінің, «Аманат» партиясының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, педагогикалық еңбек ардагерлері, құрметті азаматтар, БАҚ өкілдері қатысты.

Алдағы уақытта 9 және 11 сынып түлектері мемлекеттік емтихандарды тапсыруы керек. 16 мамыр мен 5 шілде аралығында ҰБТ 1299 түлек тапсыру жоспарлануда.