Павлодар қаласының балалар көркемсурет мектебі–ЮНЕСКО клубының оқушысы Камила Валиханова 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған «Жүрекке сүйікті асыл жандар» республикалық балалар суреті байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Байқау 13 - 28 наурыз аралығында Астана қаласында өтті, ұйымдастырушысы «Индиго» көркемсурет мектебі.
Байқауға 7 - 18 жас аралығындағы 300-ден астам бала қатысты. Байқау шарттары бойынша қатысушылар өздеріне үлгі болып табылатын анасы, әжесі, досы, тәтесі, әпкесі, қыздары бейнеленген суреттерді ұсынды.
- Камила 15 жаста, байқауға «Қазақстан тарихындағы батыр әйелдер» суретін ұсынды. Ол болмысынан шығармашыл, талантты, өте еңбекқор, түрлі байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері - Әбіл Кекілбаевтың шығармашылығына арналған қалалық байқаудың II дәрежелі дипломанты, «The Planet of Art» халықаралық байқауының финалисті. Ал енді міне, республикалық байқаудың абсолютті жеңімпазы, - дейді оның педагогы Дарьяш Айтжановна Касымова.
Камила байқаудың жабылу салтанатына қатысып, Астана қаласының «Индиго» көркемсурет мектебінің гран-при дипломымен және 100 мың теңгеге сертификатпен марапатталды.
- Біздің қазақ даласы бізге ерлермен тең дәрежеде Отан қорғауға шыққан ұлы әйелдерді сыйлады. Менің ойымша, ең бірінші әйел батыр-сақ-массагеттердің билеушісі Тамирис патшайымы. Аңыздар мен ертегілер оның сұлулығын, ақылдылығын, көрегендігін және ерекше көшбасшылық қасиеттерін жырлайды.Барша жұрт сүйсінетін аты аңызға айналған әйел – Мәншүк Мәметова. Ол мұндай жоғары награда - Кеңес Одағының Батыры атағын алған тұңғыш қазақ әйелі болды. Әрине, біздің заманымыздыңбатыр әйелі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі Гүлзада Камашева, - деп суреттейді өз жұмысын Камила.