Павлодар облысында «El Úmiti» бастамасы «Елбасы медалі» жобасының үздік қатысушылары марапатталды

Павлодар облысында «El Úmiti» бастамасы «Елбасы медалі» жобасының үздік қатысушылары марапатталды

«Ел Үміті» бастамасының аясында Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры бірнеше бірегей жобаны іске қосты. Солардың бірі – белсенді және талантты балалар мен жастарды анықтау мен қолдауға бағытталған «Елбасы медалі» бағдарламасы.
«Елбасы медалі» бағдарламасы 2020 жылы Павлодар облысы бойынша 1000-нан астам адамды қамтып, 222 қатысушы қола деңгейін сәтті аяқтады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодар облысының 44 қатысушысы алғашқы марапаттарына ие болды.
Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Курманованың қатысуымен «Елбасы медалі» жобасының 21 жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Сонымен қатар, қала және аудан орталықтарында бағдарламаның қола деңгейін табысты аяқтаған оқушылар мен студенттерге құрмет көрсетілді. «Елбасы медалімен» барлығы 127 адам марапатталған.
Облыс әкімінің орынбасары Айзада Курманова қола медаль иегерлерін жетістіктерімен құттықтап, шығармашылық табыс және жаңа бастамаларда сәттілік тіледі.
Марапаттау рәсімінен кейін жеңімпаздар жобадан алған әсерлерімен бөлісті.
«Бағдарламаға қатысу арқылы уақытымды басқаруға, мақсат қоюға, оларға жүйелі түрде қол жеткізуге және үнемі өзімді-өзім дамытуға үйрендім. Ал қаржылық және цифрлық сауаттылыққа арналған сабақтар мен үшін өте пайдалы болды. Оның айқын айғағы - бұрынғы сүйікті ісімнің бүгінгі табысқа айналуы», – деп, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Жибек Шамшидин өз пікірін айтты.
«Өзімді жан-жақты дамыту барысында 6 ай бойы бірнеше бағыт бойынша, нақтырақ атап кетсек: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік жобаға қатысып, қола медаль иегері атандым. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, әрі бағалы жетістік. Сонымен қатар, бойымдағы ашылмаған қырларымды тани біліп, жаңа қызығушылықтардың, дағдылардың дамуына жол салдым», - дейді Павлодар қаласы «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 10 сынып оқушысы Жумагулова Азиза.
«Елбасы медалі» – бұл 14 пен 29 жас аралығындағы жас және өршіл қазақстандықтарға арналған жоба. Медаль иегерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұпайлары тең болған жағдайда білім беру грантын алуға, сондай-ақ жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша студенттер құрамына қабылдану басымдық құқығына ие болуда.