
Халықаралық ынтымақтастық әрдайым «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің маңызды бағыттарының бірі болып келеді. Колледж Ресей, Қырғызстан және алыс шетелдердегі білім беру ұйымдары мен кәсіпорындармен серіктестік байланыстарды дамытып, студенттерге кәсіби тұрғыдан өсуге жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Бүгін колледжге Германияның LOGO e.V. («Шығыс Еуропамен ауыл шаруашылығы және экологиялық тепе-теңдік») ұйымының төрағасы Хартвиг Меннен келді. Аталған ұйым түрлі мамандықтар бойынша студенттердің Германия кәсіпорындарында халықаралық тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарымен айналысады.
Колледждің материалдық-техникалық базасымен, білім беру бағдарламаларымен және болашақ мамандарды практикалық даярлау мүмкіндіктерімен танысты. Ветеринария және ауыл шаруашылығын механикаландыру бағыттарында білім алып жатқан студенттердің шетелдік практикасын ұйымдастыру перспективаларына ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдын ала келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келесі қадам – колледж студенттерінің Германия кәсіпорындарында алты айлық тағылымдамадан өту мүмкіндігін қайта жаңғырту мәселесін пысықтау.
Мұндай серіктестік болашақ мамандарға еуропалық технологиялармен танысуға, халықаралық кәсіби ортада практикалық тәжірибе жинақтауға және алған білімдері мен дағдыларын Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында қолдануға мүмкіндік береді.