Екібастұздық оқушылар велотуризм негіздерін меңгеруде

Екібастұздық оқушылар велотуризм негіздерін меңгеруде

Павлодар облысы, Екібастұз өңірінде мектеп оқушыларының жазғы демалыс науқанының екінші маусымы аясында «Қайнар» білім беру-демалыс кешенінің педагогтері ұйымдастырған танымдық шеберлік сабақтары жалғасуда. Кезекті сабаққа «8 Миля» балалар мен жасөспірімдер велотуризм клубының тәрбиеленушілері қатысты.

Оқу-жаттығу форматында өткен шеберлік сабағында педагог Анатолий Пырликтің жетекшілігімен қатысушылар велосипедті қауіпсіз әрі сенімді басқару дағдыларын жетілдірді. Олар ер-тоқым мен рульдің биіктігін дұрыс реттеуді, велосипедшінің дұрыс отырысын сақтауды және тиімді педаль тебу тәсілдерін меңгерді.

Практикалық бөлімде жас велосипедшілер бұрылу, тежеу, қауіпсіз тоқтау, велосипедтен дұрыс түсу тәсілдерін пысықтап, қозғалыс кезінде қолданылатын ескерту белгілерімен танысты.

Мұндай сабақтар оқушылардың спорттық шеберлігін арттырып қана қоймай, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға, туристік сапарлар кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға баулиды.