
Пауэрлифтингтен чемпиондар, әлемдік деңгейдегі спортшылар, журналистер және өз ісінің үздіктері бүгінде Екібастұз өңірінің оқушылары үшін тәлімгерге айналуда.
Жазғы демалыс кезеңінде өңірдегі білім беру ұйымдарында дәстүрлі лагерьлермен қатар «Ашық әлем» жобасы, «Адал азамат» бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында балалардың жан-жақты дамуына бағытталған жаңа бастамалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – жасөспірімдерге табысты тұлғалармен еркін жүздесуге мүмкіндік беретін «Ментормен бір сағат» жобасы.
Жобаның алғашқы қонақтары – пауэрлифтинг чемпионы Нұрлан Беріков, спорттық акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Елизавета Кохнович, сондай-ақ журналистер Игорь Тимошенко мен Динара Базарбекова болды.
Кездесу барысында оқушылар спорттағы жетістікке жету жолы, мақсат қою, өзін-өзі дамыту, мамандық таңдау және қиындықтарды еңсеру туралы сұрақтарына жауап алды. Мұндай ашық диалогтар балаларға шабыт беріп, өз мүмкіндіктеріне сенуге көмектеседі.
«Ментормен бір сағат» жобасы Екібастұз өңіріндегі мазмұнды жазғы демалыстың маңызды бөлігіне айналды. Биыл оқушылар тілдік, экологиялық, спорттық және бейіндік лагерьлерге қатысып, түрлі шығармашылық және танымдық жобалармен қамтылуда.
Бүгінде жазғы демалыс балалар үшін тек тынығу кезеңі ғана емес, жаңа тәжірибе жинақтайтын, тәлімгерлермен жүздесетін, қабілеттерін дамытатын және болашақ мамандығына қарай алғашқы қадам жасайтын мүмкіндікке айналып отыр.