Павлодар оқушылары жазғы демалысын мектеп жанындағы лагерьлерде өткізеді

Павлодар оқушылары жазғы демалысын мектеп жанындағы лагерьлерде өткізеді

Павлодар қаласында жазғы сауықтыру маусымы басталды. 2 маусымнан бастап балалар үшін 41 мектеп жанындағы лагерь өз есігін айқара ашты. Биыл бұл лагерьлерде 17 мыңнан астам оқушының ұйымдасқан демалысы қамтамасыз етіледі.

Жазғы науқан бағдарламасы балалардың қауіпсіз, қызықты әрі пайдалы демалысын ұйымдастыруға бағытталған. Каникул кезінде оқушыларды білім беру, шығармашылық, спорттық және экологиялық жобалар күтеді.

Негізгі жобалардың бірі – зияткерлік ойындарды, шығармашылық байқауларды, спорттық жарыстарды және жеке стартаптарды әзірлеуді қамтитын қалалық «SUPER CAMP LEAGUE» жобасы болмақ. Сонымен қатар, «Көңілді жаз керуені – 2026» жобасы мен оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Оқырман жаз» танымдық бағдарламасы жалғасады. Бұл бағдарлама балалардың жазғы уақытын кітаппен және түрлі шығармашылық тапсырмалармен қызықты өткізуіне мүмкіндік береді.

Тәрбие жұмысына да ерекше мән берілген. «Адал азамат» бағдарламасы аясында балалардың азаматтық жауапкершілігін, адалдық пен еңбекқорлық қасиеттерін дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Экологиялық бағыт та назардан тыс қалмайды. Лагерь тәрбиеленушілері «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, аумақтарды абаттандыру шараларына атсалысады.

«Біздің мақсатымыз – жазғы демалыстың әр күні балаларға жаңа білім, жарқын әсер және пайдалы тәжірибе сыйлауы. Лагерь бағдарламасы оқушылардың шығармашылықтан бастап спортқа, жобалық және зерттеу қызметіне дейінгі түрлі бағыттарда өз қабілеттерін сынап көруіне мүмкіндік береді», – дейді ұйымдастырушылар.

Мамандардың айтуынша, жазғы науқан оқушылардың қарым-қатынас жасауына, өзін-өзі дамытуына және жеке қасиеттерін жетілдіруіне қолайлы орта қалыптастырады. Сонымен қатар балалардың демалысын мазмұнды, әсерлі әрі есте қаларлықтай етуге ықпал етеді.