Samga — инклюзивті болашақ жобасы

Samga — инклюзивті болашақ жобасы

Павлодардағы Ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері республикалық HackFusion хакатонында ІІ орын иеленді.

SixSevenSquad командасы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған Samga цифрлық экожүйесін жасап шықты. Жоба әлеуметтік қолдау, білім беру, еріктілер көмегі мен қолжетімді қалалық инфрақұрылымды бір платформаға біріктірді.

– Біз Samga арқылы әр адамға ыңғайлы әрі қолжетімді цифрлық орта қалыптастырғымыз келді. Жобаның басты мақсаты – адамдарға күнделікті өмірде нақты көмек көрсету, – дейді студенттер.
Жобада нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін ымдау тілінің AI-аудармашысы енгізілген.

Сонымен қатар пайдаланушылардың ерекшелігіне бейімделген білім беру платформасы әзірленіп, оған сурдоаудармасы бар бейнесабақтар, конспектілер, практикалық тапсырмалар мен квиздер енгізілді.

Бұдан бөлек, команда түрлі сайттарда интерфейстің бейімделген параметрлерін қолдануға мүмкіндік беретін арнайы браузерлік кеңейтім де жасап шықты.

24 сағат ішінде әзірленген инновациялық жоба HackFusion қазыларының жоғары бағасына ие болып, еліміздегі үздік әлеуметтік IT-жобалардың біріне айналды.