
Ертіс ауданындағы №4 жалпы орта білім беру мектебінде технология сабағы енді тек тағам дайындаумен шектелмейді. Қыз балаларға арналған «Тамақтану мәдениеті» бөлімі аясында 5–7 сынып оқушылары үшін «GastroLab: Перезагрузка» атты ерекше жоба қолға алынды.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында мектеп пен жеке кәсіпкер «Егімбаева А.К.» жетекшілік ететін «Арман» мейрамханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бастаманың басты ерекшелігі — кәсіби шеф-аспаздың жобаға ментор әрі тәлімгер ретінде қатысуы.
Бүгінгі жасөспірімдерді қарапайым аспаздық сабақтармен таңғалдыру қиын. Сондықтан жоба авторлары тағам әзірлеуді ғана емес, заманауи өмірге қажетті шығармашылық және практикалық дағдыларды дамытуға басымдық берген.
Жоба аясында оқушылар 2026 жылдың басты трендтерінің бірі саналатын Zero Waste бағытымен танысып, тағамды қалдықсыз әзірлеудің қыр-сырын меңгереді. Сонымен қатар қарапайым ботқаның өзін ерекше ұсыну арқылы мейрамхана деңгейіндегі асқа айналдырудың құпияларын үйренеді.
Бастамада кәсіби бағдар беру бағытына да ерекше мән берілген. Қатысушылар қонақжайлылық индустриясының қыр-сырымен танысып, аспаз мамандығының ерекшеліктері туралы ашық пікір алмасады. Болашақта оқушылар мектептің фирмалық мәзірін әзірлеуге де атсалыспақ.
Ертіс №4 мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Сердалина Жанаргүл Қасымқызының айтуынша, жоба алғашқы кезеңнің өзінде-ақ оқушылардың қызығушылығын оятқан.
«Гастрономиялық жоба әзірге бастапқы кезеңде болғанымен, өзектілігімен және шығармашылық бағытымен ерекшеленіп отыр. Оқушылар белсенділік танытып, тамақтану мәдениетін, ұлттық тағамдар мен олардың дайындалу ерекшеліктерін зерттеуге қызығушылық білдіруде. Командалық жұмысқа бейімділігі мен практикалық дағдыларды дамытуға деген талпынысы анық байқалады. Алдағы уақытта бұл жоба танымдық әрі пайдалы бастамаға айналарына сенім мол», — дейді педагог.
Жоба авторларының пікірінше, «GastroLab: Перезагрузка» — жай ғана ас әзірлеуді үйрететін жоба емес. Бұл — дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырып, шығармашылық ойлауды дамытатын, жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілеттерді шыңдайтын жаңа білім алаңы.
Бәлкім, дәл осы мектеп асханасынан ертеңгі танымал шеф-аспаздар, рестораторлар мен гастро-блогерлер өсіп шығатын болар.