Көңіл күйге әсер еткен ерекше тимбилдинг

Көңіл күйге әсер еткен ерекше тимбилдинг

Аққулы ауданында мектеп психологтарының кәсіби шеберлігін арттыру, эмоционалдық күйін тұрақтандыру және ұжымдық байланысты нығайту мақсатында «Дәм арқылы эмоцияны реттеу» атты креативті тимбилдинг ұйымдастырылды.

Ерекше форматта өткен шара мамандарға тың идея мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Тимбилдинг барысында қатысушылар эмоция мен дәмнің өзара байланысын тәжірибе жүзінде зерттеді. Психологтар тәтті, қышқыл, ащы және тұзды дәмдерді сезіну арқылы өз көңіл күйлерін сипаттап, әр дәмнің адам эмоциясына әсерін талқылады. Мысалы, тәтті дәм тыныштық пен қуаныш сезімін оятса, қышқыл дәм сергектік пен белсенділікті арттыратыны айтылды.

Іс-шараның ерекше бөлігінің бірі — «Эмоциямның дәмі» атты шығармашылық тапсырма болды. Қатысушылар түрлі түстер мен бейнелер арқылы өз ішкі сезімдерін қағаз бетіне түсіріп, эмоцияларын дәммен байланыстыра сипаттады. Бұл әдіс мамандардың өзін-өзі тануына, ішкі күйін түсінуіне және психологиялық сергіту алуына мүмкіндік берді.

Тимбилдинг барысында психологтар еркін пікір алмасып, бір-бірімен тәжірибе бөлісті. Жылы атмосфера мен қызықты жаттығулар қатысушылардың кәсіби ынтымақтастығын арттырып, эмоционалдық демалыс сыйлады.

Мамандардың айтуынша, мұндай креативті шаралар кәсіби күйзелістің алдын алып қана қоймай, жұмысқа деген мотивацияны күшейтеді. Сонымен қатар эмоционалдық интеллектіні дамытуға, ұжымдағы жағымды қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал етеді.

«Дәм арқылы эмоцияны реттеу» тимбилдингі психолог мамандарға ерекше әсер қалдырған мазмұнды әрі пайдалы кездесу болды. Осындай тағылымды шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол.