
«Заң мен тәртіп – Тәртіп тренд» челленджі аясында Ақтоғай ауданының білім беру ұйымдарында ауқымды флешмоб ұйымдастырылды. Бұл бастама жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға және заңға құрмет пен жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталды.
Іс-шара барысында аудан мектептерінің оқушылары «Тәртіп – тренд» идеясын қолдап, түрлі шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Олар бейнероликтер түсіріп, ұрандар дайындап, сахналық көріністер арқылы тәртіп пен заңның қоғамдағы маңызын көркем түрде көрсетті. Сондай-ақ оқушылар арасында эстафеталық форматтағы челлендж ұйымдастырылып, бұл бастама аудан мектептерін кеңінен қамтыды.
Флешмобқа жалпы саны 1091 оқушы қатысып, жоғары белсенділік танытты. Әр мектептің оқушылары өзара тәжірибе алмасып, бір-бірін қолдап, азаматтық жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін насихаттауға өз үлестерін қосты.
Аталған шара жас ұрпақтың бойында заңға бағыну, қоғамдық тәртіпті сақтау және ел алдындағы жауапкершілік сияқты маңызды құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етті. «Тәртіп – тренд» челленджі өскелең ұрпақтың саналы, тәртіпті әрі құқықтық мәдениеті жоғары тұлға болып қалыптасуына жол ашатын маңызды бастама ретінде бағаланды.