
Шарбақты ауданында туризм және экологиялық ағарту бөлімінің мамандары оқушыларға арналған мазмұнды экологиялық іс-шаралар циклін өткізді. Кездесулердің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыру және туған өлкенің жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы білімдерін кеңейту болды.
Іс-шара аясында оқушылар үшін «Табиғат аясындағы мінез-құлық мәдениеті» тақырыбында дәріс ұйымдастырылып, «Орманда кім өмір сүреді?» атты танымдық викторина мен «Қызыл кітап» экологиялық сағаты өткізілді.
Кездесу барысында оқушылар орманда өзін ұстау ережелерімен танысып, Қызыл кітапқа енген сирек және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер туралы қызықты мәліметтер алды. Танымдық викторинада балалар белсенділік танытып, сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, табиғатты қорғау мәселелері жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, қоршаған ортаға деген қамқорлық пен туған жер байлығын сақтауға деген құлшынысын арттыра түседі.