Ақындар мекенінен түлеген дарындар тағы бір мәрте өз өнерлерін дәлелдеді. Сөз құдіретін серік еткен жас ақындар республикалық сахнада жарқырап, ұлттық рух пен көркем ойдың асқақ үлгісін көрсетті.
4–6 мамыр күндері Астана қаласында өткен «Сөз бен саз» республикалық байқауы – жас таланттардың шабыты мен шеберлігі тоғысқан тағылымды өнер алаңы болды. Ұлттық мәдениетті дәріптеп, жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бұл додада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздар бақ сынады.
Облыс намысын арқалаған талапты оқушылар «Жас ақын», «Жас дәстүрлі әнші», «Жас күйші» номинациялары бойынша өз өнерлерін ортаға салып, көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің домбыра бөлімінің оқушылары Әбіш Санжар мен Құрманғазы Мәди облыстық кезеңде топ жарып, республикалық байқауға жолдама алған еді. Үлкен додада Құрманғазы Мәди 20 өңірден келген жас күйшілер арасынан суырылып шығып, жүлделі І орынды иеленіп, өңір мерейін үстем етті.
Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушысы Мейіржан Баршынбай ІІ орынға ие болып, айтыс өнерінің айбынын асқақтатты.
«Сөз бен саз» – ұлттың рухани қазынасын жаңғыртып, жас ұрпақтың жан дүниесін байытатын киелі кеңістік. Ал осы байқауда топ жарған жас таланттар – бабадан қалған асыл мұраны болашаққа жалғайтын жарқын үміт, ел ертеңінің еңселі бейнесі.