Заря мектебінде ауа райын болжайтын оқушылар өсіп келеді

Заря мектебінде ауа райын болжайтын оқушылар өсіп келеді

Заря мектебінде ғылым – тек теория емес, ол күн сайын тәжірибеге айналып жатқан үдеріс. Мұнда оқушылар ауа райын жай бақылап қана қоймай, оны түсініп, талдап, тіпті болжай алады. Бұған себеп – заманауи Levenhuk метеостанциясының оқу үдерісіне енгізілуі.

Әр күн – жаңа дерек, жаңа бақылау. Оқушылар ауа температурасы, ылғалдылық, атмосфералық қысым, желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын мөлшерін тіркеп, өздерінің «ауа райы күнтізбесін» жүргізеді. Қарапайым жазбалар уақыт өте келе нақты ғылыми мәліметтерге айналып, кестелер мен графиктерге түседі. Осылайша балалар деректерді жүйелеуді, салыстыруды және табиғаттағы өзгерістерді дәл байқауды үйренеді.

Апта мен ай қорытындысында жас зерттеушілер ең жылы және ең суық күндерді анықтап, орташа көрсеткіштерді есептейді, ауа райының өзгеру заңдылықтарын ашады. Бұл – оқулықтағы құрғақ теориядан әлдеқайда әсерлі, себебі әр нәтиже – өз қолымен жасалған зерттеудің жемісі.

Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған оқушылардың бірі – 8-сынып оқушысы Қыстаубайұлы Мұстафа. Ол география пәні бойынша олимпиадаға дайындық барысында метеостанция арқылы ұзақ мерзімді бақылау жүргізіп, жиналған деректер негізінде талдау жасады. Нәтижесінде табиғи үдерістерді терең түсініп, білімін тәжірибемен ұштастыра алды.

Оның еңбегі елеусіз қалмады: 2025 жылы Мұстафа «Geo Star» республикалық ұлттық география олимпиадасында жүлделі ІІ орынды иеленді. Бұл – тек жеке жеңіс емес, тәжірибеге негізделген білімнің нақты нәтижесі.

«Мен күн сайын ауа райын бақылап, деректерді жазып, олардың өзгерісін талдаймын. Мысалы, қысым төмендеп, ылғалдылық артса, жақын арада жауын-шашын болатынын болжаймын. Кейін оны нақты жағдаймен салыстырып, өз болжамымды тексеремін», – дейді Мұстафа.

Метеостанциямен жұмыс істеу оқушылардың бақылағыштығын арттырып қана қоймай, олардың логикалық ойлауын, талдау қабілетін және ғылыми қызығушылығын дамытады. Заря мектебінде әрбір дерек – жаңалыққа бастар жол, ал әр бақылау – үлкен ғылымға жасалған қадам.