
2026 жылғы 28-29 сәуір күндері аралығында ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Алматы қаласында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Математикалық регата» командалық олимпиадасының республикалық кезеңін өткізді. Олимпиадаға Қазақстанның барлық өңірлерінен ең мықты педагогикалық құрамдар жиналды.
Шараның мақсаты — талантты мұғалімдерді анықтау, математикалық білімді насихаттау және стандартты емес логикалық әрі әдістемелік есептерді командамен шешу мәдениетін дамыту.
Екі күндік тартысты интеллектуалды бәсеке қорытындысы бойынша Павлодар облысы педагогтерінің құрама командасы абсолютті басымдық көрсетіп, турнирдің ең жоғары марапаты — Бас жүлдені жеңіп алды.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің командасы: Шаймерденова Салтанат Макимовна, Ақтоғай ауданы білім беру бөлімінің «Шідерті негізгі мектебі» КММ; Ланг Татьяна Фридолиновна, «Павлодар қаласының №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебі»; Соловьева Ирина Юрьевна, ЖШС «Оқү кешені «ДеТвоРа»; Туленова Гульдана Кайржановна, Павлодар ауданы білім беру бөлімінің «Черноярка жалпы орта білім беру мектебі» КММ.
«Математикалық регатаның» бірнеше кезеңі барысында біздің ұстаздар жоғары және қарапайым математика саласындағы терең академиялық білімін, ойлау жылдамдығын, ұйымшылдығын және «миға шабуыл» режимінде жұмыс істеу қабілетін паш етті.
Мұғалімдеріміздің республикалық регатадағы жеңісі — кездейсоқтық емес, бұл өңірдің кадрлық әлеуетін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың заңды нәтижесі. Бүгінде облыстың бастауыш білім беру саласы елдегі ең мықты мәртебесін тағы да дәлелдеді. Біздің педагогтер тек білім беруші ғана емес, ең жоғары деңгейде бәсекеге қабілетті нағыз интеллектуалды көшбасшы екендіктерін көрсетті.