
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында, «Шабыт» жобасы шеңберінде Ұлттық кітап күніне орай Баянауыл ауданының білім беру ұйымдарында оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті кеңінен насихаттау және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Кітап кейіпкерлері шеруі» атты танымдық-шығармашылық іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара барысында оқушылар қазақ әдебиетінің және халық ауыз әдебиетінің көрнекті туындыларындағы кейіпкерлерді сахналық қойылым арқылы жанды бейнеде шебер сомдай білді. Атап айтқанда, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі мен халық ертегісі «Ертөстік» шығармалары негізге алынып, кейіпкерлердің болмысы көркем түрде сахна төрінде айқын көрініс тапты.
Қожа бейнесі арқылы оқушылар жасөспірімге тән мінез-құлықты, оның тентектігі мен шынайылығын, адалдығы мен ізгі ниетін әсерлі жеткізіп, көрерменге терең ой салды. Ал «Ертөстік» ертегісіндегі батырлық, достық, тапқырлық сынды асыл қасиеттер сахналық көріністер арқылы айқын бейнеленіп, жас көрермендердің қызығушылығын арттырды. Әрбір кейіпкердің образы костюмдер, сахналық мәдениет және актерлік шеберлік арқылы нанымды ашылып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Шеру барысында оқушылар тек шығармашылық қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, әдеби шығармалардың мазмұнын терең түсінетінін де айқын дәлелдеді. Мұндай мазмұнды іс-шаралар олардың сөйлеу мәдениетін жетілдіріп, сахналық шеберлігін дамытып, топпен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Қорытындылай келе, «Кітап кейіпкерлері шеруі» – Баянауыл ауданы мектептерінде жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымы мол, мазмұнды іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.