Ақтоғай ауданында Ұлттық кітап күні аясында шамамен 1000 оқушы түрлі іс-шараларға қамтылды

Ақтоғай ауданында Ұлттық кітап күні аясында шамамен 1000 оқушы түрлі іс-шараларға қамтылды

Ақтоғай ауданының білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Ұлттық кітап күніне арналған мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аталған шаралар 2026 жылғы 15–22 сәуір аралығын қамтып, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға, ұлттық әдебиетті насихаттауға және баспа сөзіне ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

 

Іс-шаралар барысында мектептерде «Ұлы тұлға өміріндегі кітап» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Сонымен қатар оқушылар «Саз тақташадан электронды кітапқа дейін» атты кітапханалық сабақтар арқылы кітаптың тарихи дамуы мен қазіргі цифрлық форматтағы рөлін тереңірек танып білді.

 

Бастауыш сынып оқушылары «Жүрекке жылу сыйлайтын жолдар» атты мәнерлеп оқу байқауына белсене қатысып, көркем шығармаларды жүрекпен сезіне отырып орындады. Ал орта және жоғары буын оқушылары «2026 жылғы мерейтойлық кітаптар беттерімен» атты әдеби квест пен «Оқыдың — досыңмен бөліс» буккроссинг акциясы арқылы кітап алмасу мәдениетін дамытты.

 

Мектеп кітапханаларында «Абай мұрасы — халық қазынасы», «Отбасымен бірге оқимыз», «Балалар әдебиетінің жаңалықтары» тақырыптарында мазмұнды кітап көрмелері ұйымдастырылды. Бұл көрмелер оқушыларды ұлттық құндылықтар мен рухани мұраға жақындата түсті.

 

Сонымен қатар «Өз қолыңмен кітап бетбелгісі» шеберлік сағаттары, «Менің сүйікті кітабым» буктрейлерлер байқауы және «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өткізіліп, оқушылардың шығармашылық белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

 

Аталған іс-шараларға барлығы 997 білім алушы қамтылды. Ұйымдастырылған шаралар оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуға, көркем әдебиетке қызығушылығын арттыруға және өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік құндылықтарға баулуға зор үлес қосты