
Бүгін М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған облыстық «Жұлдызай» шығармашылық фестивалінің облыстық кезеңі өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл игі шара талантты балалардың өнерін шыңдап, шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.
Фестивальге облыстың жалпы білім беретін және арнайы мектептері мен мектеп-интернаттарынан 10–16 жас аралығындағы 110 оқушы қатысып, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Қатысушылар төрт номинация бойынша бақ сынады: вокал, хореография, аспапта орындау және әнді ымдап айту. Әрбір өнерпаз сахнада өз қабілетін барынша көрсетіп, шынайы өнердің үлгісін паш етті.
Фестивальдің басты ерекшелігі – әр баланың ішкі мүмкіндігін ашуға, оның шығармашылық еркіндігін сезінуге жағдай жасалуы болды. Қатысушылардың талпынысы мен еңбегі жоғары бағаланып, қазылар алқасы тарапынан әділ сарапталды. Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушылар дипломдармен, сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: 1 орын — 7, 2 орын — 8, 3 орын — 7.
Айта кету керек, жыл сайын облыс жеңімпаздары Астана қаласында өтетін республикалық «Жұлдызай» фестиваліне жолдама алып келеді. Павлодарлық оқушылар бұған дейін де республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп, түрлі номинациялар бойынша жүлделі орындарға ие болған. Әсіресе вокал және хореография бағыттары бойынша жетістіктері ерекше атап өтілді.
Павлодар облысы білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмухамбетованың айтуынша, бұл фестиваль ерекше балалардың қабілетін ашып, олардың өз-өзіне деген сенімін арттыруға зор мүмкіндік берген.
– Әр бала, қандай ерекшелігі болса да, өз бойындағы талантын көрсетуге құқылы. Осындай мүмкіндіктерді жасап отырған педагогтер мен ата-аналарға ерекше алғысымызды білдіреміз, – деді ол.
«Жұлдызай» фестивалі тек өнер бәйгесі ғана емес, мейірім мен қолдаудың, шабыт пен сенімнің мерекесіне айналды. Бұл шара арқылы қоғам ерекше балалардың шексіз мүмкіндіктеріне тағы бір мәрте көз жеткізді.