Павлодарда болашақ мамандар бақ сынауда

Павлодарда болашақ мамандар бақ сынауда

Павлодарда «WorldSkills Pavlodar–2026» өңірлік чемпионаты қарқын алып, түрлі бағыттар бойынша жас мамандардың кәсіби шеберлігін айқындауда. Ауқымды шара аясында техникалық, шығармашылық және өндірістік салалардағы бірнеше құзыреттілік бойынша жарыстар ұйымдастырылды.

 

Ақпараттық технологиялар колледжі базасында өткен «Графикалық дизайн» құзыреттілігі ерекше қызығушылық тудырды. Үш күнге созылған байқауда қатысушылар кәсіпорын логотипін әзірлеп, толыққанды журнал дайындап, оны басып шығарып, брошюралап, дайын өнім ретінде ұсынды. Сонымен қатар, соңғы кезеңде олар нақты тауарға арнап қаптама мен жапсырма (этикетка) жасап, брендтің толық визуалды бейнесін қалыптастырды. Мысалы, қатысушылар бал өнімін қаптауға арналған контейнер мен қорап дизайнын әзірлеп, тұтынушы назарын аударатын ерекше шешімдер ұсынды. Бұл тапсырмалар олардың креативті ойлауын, маркетингтік түсінігін және дизайнерлік қабілетін айқын көрсетті.

 

Ал, жоғары электроника және коммуникациялар колледжі базасында «Локомотивті басқару» және «Жүк экспедициясы» құзыреттіліктері бойынша жарыстар өтті. Қатысушылар нақты өндірістік жағдайларға жақын тапсырмаларды орындап, қауіпсіздік талаптарын сақтау мен жедел шешім қабылдау дағдыларын көрсетті.

 

Сонымен қатар, химия саласындағы болашақ мамандар да өз білімдерін сынады. Химия-механикалық колледжінде өткен «Зертханалық химиялық талдау» құзыреттілігі бойынша сайыста қатысушылар судың құрамын анықтау, титрлеу және спектрофотометриялық талдау жүргізу бойынша күрделі тапсырмаларды орындады.

 

Павлодар қызмет көрсету колледжі базасында WorldSkills чемпионаты аясында сән индустриясы бағыты бойынша қатысушылар кәсіби шеберліктерін көрсетті. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрды: алдымен мудборд әзірленіп, қатысушылар коллекцияның визуалды тұжырымдамасын, түс үйлесімін және стильдік шешімдерін ұсынды. Кейін олар техникалық эскиз жасап, көйлекті конструкциялау және модельдеу жұмыстарын орындады. Соңғы кезеңде дайын бұйым тігіліп, оның технологиялық сапасы мен орындалу дәлдігі бағаланды. Бұл тапсырмалар қатысушылардың креативтілігі мен кәсіби дағдыларын айқын көрсетті.

 

«WorldSkills Pavlodar–2026» – бұл тек жарыс қана емес, болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына жол ашатын маңызды алаң. Чемпионат жас буынның білімі мен дағдысын шыңдап қана қоймай, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор мүмкіндік береді.