Аққулы ауданы мектептерінің президенттері қауіпсіз орта қалыптастыруда

Аққулы ауданы мектептерінің президенттері қауіпсіз орта қалыптастыруда

Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта Аққулы ауданы мектептерінің президенттері белсенді жұмыс жүргізіп, оқушылардың әл-ауқатын арттыруға өз үлестерін қосуда.

 

Мектеп президенттері оқушылар арасында сенімді қарым-қатынас орнату және психологиялық жайлы ахуал қалыптастыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Соның ішінде олар интерактив ойындар өткізіп, оқушылардың бір-бірімен жақын араласуына, өзара түсіністік пен қолдауды дамытуға ықпал етуде.

 

Бүгінгі интерактив ойын барысында оқушылар топпен жұмыс істеуді, түрлі жағдаяттарды шешуді, бірін-бірі тыңдап, құрметтеуді үйренді. Мұндай тәсілдер буллингтің алдын алуға, ұжымдық рухты нығайтуға және әр баланың өзін еркін әрі сенімді сезінуіне мүмкіндік береді.

 

Аталған іс-шараға 15-тен астам мектеп президенттері мен 80-ге жуық мектеп парламентінің оқушылары қатысты. Бұл өз кезегінде қатысушылардың тәжірибе алмасуына және өзара байланысын нығайтуға үлкен мүмкіндік берді.

 

Сонымен қатар, мектеп президенттері қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударып, тренингтер, пікірталастар мен акциялар ұйымдастыруда. Осының нәтижесінде оқушылар өз ойларын ашық айтып, ұсыныстарын еркін жеткізе алатын орта қалыптасып келеді.

 

Аққулы ауданының жас көшбасшыларының бастамалары – қауіпсіз әрі достыққа негізделген мектеп ортасын қалыптастырудағы маңызды қадам. Мұндай жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың белсенділігі артып, бір-біріне деген сенімі нығая түсуде.

 

Қауіпсіз орта – бұл тек ережелерді сақтау ғана емес, сонымен қатар өзара құрмет, сенім мен қолдауға негізделген орта. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.