Болашақ бүгіннен басталады: TechFest-2026 ғылым жұлдыздарын жақты

Болашақ бүгіннен басталады: TechFest-2026 ғылым жұлдыздарын жақты

2026 жылғы 10 сәуірде М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында Ғылым күніне орай облыстық TechFest-2026 техникалық шығармашылық көрмесі өтті.

Бұл күні Оқушылар сарайының іші нағыз инновациялар алаңына айналды: 42 жоба, ондаған тың идея және ғылымға құштар жүздеген оқушы бас қосты.

Баянауыл, Май аудандары мен Екібастұз, Ақсу қалаларынан келген қатысушылар ғарыштану, астрофизика және авиация бағыттарындағы жобаларын ұсынды.

TechFest-тің басты ерекшелігі — қатысушылардың өздері. Бүгіннен бастап инженерлік ойлауды меңгеріп, болашаққа нық қадам жасап жатқан жас зерттеушілер.

Ерекше жобаларды атап өтсек:

Май ауданының «Жас шебер» үйірмесінің тәрбиеленушісі Дәуіт Адам «Ғарышкер: шексіздікке қадам» атты жұмысын таныстырды. Ол тек макет жасап қана қоймай, заманауи ғарышкердің киім үлгісін ұсынды. Жобаның мақсаты — балалардың ғылым мен ғарышқа қызығушылығын ояту.

Майқайың орта мектебі №2 оқушылары Абдрахимова Малика мен Ибрагимов Бекжан «Qalqan-1: Жердің ғарыштық қалқаны» жобасын әзірледі. Бұл — Жер маңындағы орбитаны ғарыш қоқыстарынан тазалап, астероидтардан қорғай алатын көпфункционалды автоматтандырылған станцияның тұжырымдамасы. Жоба батыл инженерлік ойымен ерекшеленеді.

№11 мектеп оқушысы Фесик Кирилл механикалық энергияны электр энергиясына айналдыратын оқу макетін ұсынды. Бұл жоба оқу процесінде де, электр қуаты жоқ жағдайда да қолдануға болатын тиімді шешім.

Әр жоба — ізденіс пен еңбектің, табандылық пен ұстаз қолдауының нәтижесі.

TechFest-ке қатысушылар қазіргі оқушылардың тек ғылымға қызығып қана қоймай, болашақ технологияларды жасауға қабілетті екенін дәлелдеді.

TechFest-2026 — болашаққа бастар үлкен қадам. Үздік жобалар Павлодар облысының құрама командасына еніп, республикалық деңгейде авиация және ғарыш бағыттары бойынша өңір намысын қорғайтын болады.

Ғылым күні бұл жерде жай ғана аталып өткен жоқ — ол шабытқа айналып, нақты істермен дәлелденді.