BABY SKILLS: алғашқы қадам, үлкен мүмкіндік

BABY SKILLS: алғашқы қадам, үлкен мүмкіндік

Екібастұзда мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арналған BABY SKILLS чемпионаттарының сериясы жалғасуда. Ерте кәсіптік бағдар беруге бағытталған жобаның кезекті кезеңі 9 сәуір күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығының базасында өтті.

Іс-шараны ИнЕУ Жоғары Екібастұз колледжі мен Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің «№1 бөбекжай-бақша» даму орталығы ұйымдастырды.

Чемпионатқа қаланың мектепалды топ тәрбиеленушілері қатысты. №1, 3, 6, 7, 20 және 26 бөбекжай-бақшаларының бүлдіршіндері әртүрлі бағыттар бойынша өз қабілеттерін сынап көрді.

Бұл жолы кішкентай қатысушылар ІТ, инженерлік ойлау, цифрлық технологиялар және шығармашылық бағыттарда білімдері мен икемдерін көрсетті. Бағдарлама аясында робототехника мен алгоритмдеу, цифрлық викториналар, «Ғарыш» тақырыбындағы Эбру техникасымен шығармашылық жұмыс, авторлық мультфильмдер таныстырылымы және робот құрастыру тапсырмалары ұйымдастырылды.

Чемпионаттың басты мақсаты — балаларды заманауи мамандықтар әлемімен қызықты әрі қолжетімді форматта таныстыру, олардың логикалық ойлауын, ұқыптылығын, қарым-қатынас дағдыларын және танымға деген қызығушылығын дамыту.

Чемпионат қорытындысы бойынша Бас жүлдені Азат Тохтаров («№1 бөбекжай-бақша» даму орталығы) иеленді. І орынды Анастасия Недуева (№3 бөбекжай-бақша), ІІ орынды Кирилл Шелепов («№20 бөбекжай-бақша» көптілді дамыту орталығы), ІІІ орынды Нурислам Мұқатаев («№6 бөбекжай-бақша» көптілді дамыту орталығы) жеңіп алды.