
Май ауданының білім беру бөлімі Көктөбе жалпы орта білім беру мектебінің базасында білім сапасын арттыруға бағытталған интерактивті педагогикалық алаң ұйымдастырды.
Аталған алаң – жай ғана кездесу емес, тәжірибе мен идеялар тоғысқан маңызды кәсіби диалог кеңістігі болды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ҰБТ-ның аралық нәтижелерін жан-жақты саралау, білім алушылардың оқу жетістіктерін арттырудың тиімді жолдарын педагогтермен бірлесе талқылау және кәсіби өзара іс-қимылды нығайту.
«Педагогикалық навигация» секциясы аясында мектеп директорлары мен ұстаздар өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, ҰБТ-ға дайындықтың тиімді стратегияларын ұсынды. Сонымен қатар, білім беру жетістіктерін мониторингтеу (ББЖМ) нәтижелерін талдау тетіктері қарастырылып, PISA форматындағы тапсырмалар арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолдары кеңінен талқыланды. Әр пән бойынша заманауи оқыту әдіс-тәсілдері мен тәжірибеде өзін ақтаған лайфхактар ұсынылды.
Пікір алмасу алаңы барысында қатысушылар тек ұсыныс білдіріп қана қоймай, күнделікті тәжірибеде оң нәтиже беріп жүрген әдістерімен бөлісті. Ашық әрі мазмұнды диалог педагогтерге жаңа идеялар ұсынып, кәсіби шабыт сыйлады.
Іс-шара қорытындысында білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар айқындалып, педагогтердің кәсіби дамуына тың серпін берілді. Мұндай алаңдар тәжірибе алмасуды жандандырып, білім беру жүйесінің сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.